Оқу орталығының ашылуына Торғайдағы Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің басшысы Жанар Асанханқызы кезіндегі әкесінің аманаты себеп болғанын айтады. Ауданы бойынша тұңғыш Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Асанхан Шалабаев еліміздің мақтанышы болатын. Ел ішіне ешкімнің өресі жете бермейтін тәуекелдерге барған физик ретінде танылды.
«Марқұм әкем, орталық ашу туралы ұсынысын бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан еді. Ата-анамның барында балалығым болды ма, аса мән бермеппін. Сол әкем екеуміздің әңгімеміз кейін қайта-қайта есіме түсіп, «Әке аманаты» бәлкім осы шығар деп топшыладым. Ең бірінші Алланың қалауымен, екінші жолдасым Асхат Надимұлының демеушілігімен «Dream and Study» оқу орталығын республика күніне орай ашып отырмыз», – дейді Жанар Асанханқызы.
Қазіргі уақытта оқу орталығынан қосымша ақылы негізде білім аламын деп ниеттенген 40 оқушы тізімге алынған.
Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Шота Оспанов, Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұл, академик Оразхан Аймақов, ардагер ұстаз, «Ы.Алтынсарин медалі» иегері Жұпаркүл Хамзина, қарт ұстаз, «Ерен еңбек» медалінің иегері Қонысбай Ражанов өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, тілектестіктерін жеткізді.
Жаңадан ашылған оқу орталығының ауласына ағаш көшеттері отырғызылды.