Торғайда Кеңшілік жырлары оқылды

Торғайда Кеңшілік жырлары оқылды

Торғайда жыр сүйер қауым асыға күткен «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы мәреге жетті.

Торғайлық ақын Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған дүбірлі дода екі күн бойы дүбірге бөледі.

Салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың және ҚР Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтаулары оқылды.

Жыр бәйгесіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алаштың арда ақыны Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгерлер мен ұлттық поэзияның жас жүйріктері Нұржан Қуантайұлы, Мұхарбек Жәкейұлы, Асантемір Қаршығаұлы, Олжас Сәндібек пен Жәнібек Әлиман өлең сүйер қауымды жалынды жырлармыен сусындатып, әділқазылық жасады.

Екі номинациядан тұрған байқаудың өтуіне ақынның ұлы, белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы тікелей ұйытқы болды. Байқаудың негізгі идеясы мен мазмұндық деңгейінің жоғары болуына да ақын ұрпағының бағыт-бағдары айрықша ықпал еткені сөзсіз.

Бұған дейін ақпан айында өткен іріктеуге аудан мектептерінен 62 оқушы қатысқан екен. Соның ішінен 28 үміткер байқауға жолдама алған.

Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан өткен «Қарлығаш дәурен» номинациясына 20 үміткер қатысып бақтарын сынады.

Ал, «Іңкәр дүние» деп аталатын екінші номинацияға 8 оқушы қатысты. Байқаудың бұл бөлігінде қатысушылар өз өлеңдерін оқудан сынға түсті.

Нәтижесінде «Қарлығаш дәурен» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленген Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5 сынып оқушысы Перизат, Серік Әбіловтер әулеті атынан 100 мың теңгелік сыйлықпен марапатталды.

Екінші орын алған Н.Г. Иванов атындағы жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Зере, Қазымбек Өсеровтер әулеті тағайындаған 120 мың теңгелік сертификаттың иегері атанды

Ағытаевтар әулеті тағайындаған 150 мың теңгелік бірінші орын иегері Аңсаған Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Айбат Балтабайға бұйырды.

Байқаудың бас жүлдесін Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектебі еншіледі. Жеңімпаз – 9 сынып оқушысы Назерке Серікқызы Мырзабековтер әулеті тағайындаған 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Бұдан бөлек 5 оқушыға Сәбілов, Қасымов және Жолпатовтар әулеті тағайындаған 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Қазылар алқасының шешімімен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы мен Қостанай облыстық өкілдігі, сондай-ақ Амангелді Иманов қоғамдық қоры және кәсіпкер

Қасым Жүнісов тағайындаған арнайы ақшалай жүлделер 8 жас ақынға тең бөлінді.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдық мерейтойының бастауы болған бұл байқау жоғары деңгейде өрілді.

«Байқауды ұйымдастырып, жанашырлық танытқан Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашевқа, аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматовқа, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабаеваға, сондай-ақ білім бөлімінің басшысы Абай Қасымға және қолдау білдірген барша жерлестерге ризашылығымызды білдіреміз», – дейді артынан сыршыл өлеңімен мол мұра қалдырған ақиық ақынның ұрпақтары.

Мұрат Жүнісұлы

Жангелдин ауданы