Торғай өңірінің дамуы Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Осыған байланысты Арқалық қаласын, Амангелді, Жангелдин аудандарын алдағы үш жылда әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жөніндегі жоспар бекітілген. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өткен жылдың қорытынды жиынында баяндады.
Оның баяндауынша, былтыр Амангелді ауданында аз жұмыс істелмеген. Мысалы, инвестжобаларға келсек, Үштоғай ауылдық округіндегі «Сары Адыр KZ» ЖШС дәнді дақылдарды жаңбырлатып суару жүйесін орнатыпты. Үрпек ауыланда «Байдаулет» ШҚ мың басқа арналған бордақылау алаңын салған. Бұдан бөлек, аудан орталығында көп функциялы туристік кешен құрылысы жалғасып жатыр. Сауда және қоғамдық тамақтану саласында бес нысан ашылды. 3,5 шаршы метрге жуық тұрғын үй және 2 пәтерлі алты баспана пайдалануға берілді. Амантоғай ауылында спорт кешені ашылды. Су тасқынынан зардап шеккен Амангелді–Үрпек ауылдары арасындағы автомобиль жолы төсемінің деңгейі 1,2 метрге дейін көтеріліп, толық қалпына келтірілді.
«Енді Жангелдин ауданына ойысайық. Мұнда былтыр бес жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Олар – 20 орындық қонақ үй, 200 орындық «Тұмар» мейрамханасы, көп салалы өнер орталығы және кафе мен дүкен. Инвестиция қаржысы – 285 млн теңге. Сарысу, Қалам-Қарасу, Сужарған ауылдарының кіреберіс жолы жөнделді. «Шұбалаң – Ахмет Байтұрсынұлы ауылы» (50 км), «Тоқанай-Саға-Алтынсары» (34 км), «Саға-Бидайық» (39 км) бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өтті. Шеген ауылы орталықтандырылған сумен қамтамсыз етіліп, Тәуіште сумен жабдықтау жүйесі қалыпқа келді. Шиліде су тарату пункті салынды. Соңғы 3 жыл ішінде 82 аулаға су тартылды», – деп ақпарат берді Бақытжан Нарымбетов.
Арқалық қаласында бес инвестжоба іске асып жатыр. Олардың ең ауқымдысы – асфальтбетон зауыты және жел электр станциясы. Биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 12 млрд теңгеге 6 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы, 10 мың бас қой өсіруге арналған мал шаруашылығы кешені, 6 мың бас ІҚМ-ға арналған модульдік репродуктор салынып, құс фабрикасы кеңейтіледі. Биыл тұрғындарға 18 пәтерлі тұрғын үй беріледі. Қаланы жылумен жабдықтау желілеріндегі апаттылық жылына 32 апатқа дейін кеміп, тозығы жеткен жүйелер 48%-ға дейін төмендеген. Қазір 19,7 млрд теңгеге әуежайды қалпына келтіру, теміржол вокзалы ғимаратын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры спорт кешені ретінде жаңартылып, нысан пайдалануға берілді.
Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына, Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына, сондай-ақ Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл толуына арналған мазмұнды мәдени іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.
