Қостанай қаласының 144 жылдығына қазақ күресінен ұйымдастырылған жарыстың түйе палуанын анықтау кезінде ағайынды Тоқтар, Талғат Жиентаевтар ақтық сынға шықты.Осылайша інісі ағасына жолын беріп, Тоқтар 350 мың теңгені олжалады.
Бір қызығы, осы екі ағайынды финалға дейін биылғы “Қазақстан барысы” турнирінің қатысушылары Аслан Сағитбек пен Алмас Жұмағалиді ұтты. Алмас осы кездесудің алдында алған жарақатына байланысты үшінші орын үшін кілемге шыға алмады.
“Бұл жүлде аса дайындықпен келді. Әсіресе, “Қазақстан барысының” қатысушысы Алмас Жұмағалиға қарсы жартылай финалдағы кездесуім аса тартысты болды. Ақырғы белдесуде жеңіп, финалға жолдама алдым”,– дейді Тоқтар.
Жарыс бұдан өзге 60, 74 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілді. 60 келіде Әлішер Мұхамеджанов, Саят Оңайбек, Қайрат Әкімбектер жүлдегер атанса, 74 келіде Талғат Кеңесов, Қуат Ділдәбек, Талғат Шегеновтер қарсыластарынан озды.
“Бүгінгі жарыста Аманкелді ауданының қос бірдей палуанын жеңіп, финалда Қостанай қаласының палуаны жолықты. Жеңіске жеткеніме аса қуаныштымын”, – дейді 60 келіде жеңімпаз атанған Әлішер.
Әлішер ақтық сында қостанайлық Саят Оңайбектен белдесуде басым түскен болатын.
Қала тұрғыны Бәтима Өтегенова осындай жарыстарды қалдырмайтын жанкүйерлердің бірі. Кезінде өзі де спортпен айналысыпты. Бүгінде жасы жетпістен асқан жерлесіміз күресті тамашалауға көрермендердің аз жиналғанын айтады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев