Төрт түлік санағы жүргізілмек

Төрт түлік санағы жүргізілмек

20 тамызда басталған пилоттық ауыл шаруашылығы санағы аясында Қарабалық ауданы орталығы, Қостанай ауданының Тобыл қаласы мен Садчиков ауылы қамтылады.

Санақ 30 қыркүйекке дейін жалғасып, 54 елді мекенде (ауылдар мен қалалар) жүргізіледі. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығы секторының құрылымы мен жай-күйі жөнінде өзекті мәселелерді анықтау. Жұмысты Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізеді. Фермерлер мен шаруа қожалықтары, ауласында мал ұстайтындар, заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер санақ субъектілері болады.

«Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы кемшіліктерді анықтауға және негізгі санақ процесін жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені тестілеу кезеңінде біз деректерді жинау әдістерін талдап, қолданылатын технологиялардың тиімділігін бағалай аламыз және процесті ұйымдастырудағы мүмкін проблемаларды анықтаймыз. Бұл тәсілдерді түзетуге, персоналды даярлауды жақсартуға және 2025 жылы негізгі ауыл шаруашылығы санағы кезеңінде ауыл шаруашылығының жай-күйін дәлірек және толық көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағына дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Бұл мамандарға таңдалған әдіснаманың дұрыстығына және ақпараттық жүйелердің дайындығына көз жеткізуге де көмектеседі.

Бюро санақ арқылы жер және егіс алқаптары, малдар мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы техникалары, жабдықтар мен инфрақұрылым туралы деректерді өзектендіруді жоспарлап отырғанын қосты. Санақ барысында жиналған мәліметтер жария етілмейтіні атап өтілді. 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін sanaq.gov.kz сайтында өз бетінше толтыруға арналған санақ парақтары қолжетімді болады. Сондай-ақ, үй шаруашылықтарына қолында планшеті бар сұхбат алушы (ақ қалпақ және оның жеке басын куәландыратын бэйдж) жіберіледі. Респонденттерге ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын экономикалық қызметтің түрі, инженерлік-техникалық коммуникациялардың, дербес энергия көздерінің, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының қолжетімділігі, еңбек ресурстарының, өндірістік құрылыстар мен құрылыстардың болуы, ауыл шаруашылығы жануарларының, жер учаскелерінің саны, органикалық өнім өндіру туралы және т.б. сұрақтарға жауап беру қажет болады. Пилоттық санақта 1500 ауланы және 468 шаруашылық жүргізуші субъектіні қамту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы санағы мәселелері бойынша кеңес алу үшін 1446 нөмірі бойынша байланыс орталығына немесе statgovkz_bot телеграм ботына хабарласа аласыз. Қазақстан үкіметінің ресми сайтында ауыл шаруашылығы санақтары әр 5-10 жыл сайын аграрлық сектордың жай-күйі туралы статистикалық ақпараттың сапасы мен объективтілігі үшін жүргізілетіні айтылған. Қазақстанда мұндай алғашқы ұлттық санақ 2006-2007 жылдары өтті.

Асыл ҚАСЫМ

Жаңалықтармен бөлісу