Қостанайдың Жастар сарайына келген футбол жанкүйерлері биыл жасақталған құрамнан үмітті. Әсіресе, «Атырау» сапынан қосылған қос ойыншы – Николай Сигневич пен Наурызбек Жагоровтың көп нәтиже көрсетеріне сенімді. Жарты ғасырға жуық командамен бірге келе жатқан Ғазиз Есментаевтың да пікірі осыған саяды.
«Қырық бес жылдан бері «Тобылдың» ойындарын жібермей келеміз. Жарқын кезеңдерінің куәгеріміз. Маусым жаңа басталып жатыр. Әзірге жақсы, жаман деп ештеңе айтуға болмайды. Кеше жылдың алғашқы ойынын бастан-аяқ тамашаладық. Былтыр «Атырауда» өнер көрсеткен Николай Сигневич пен Наурызбек Жагоровтың ойындары өз басыма ұнады», – дейді Ғазиз Есментаев.
Команданың кішкене жанкүйері Арсен Әмит таныстырылым сәтіне Тобыл қаласынан арнайы келіпті. Н.Наушабаев мектебінде білім алып жатқан Арсен екі жылдан бері доп тебеді.
«Әр ойын сайын стадионнан шыққым келмейді. Футболды құр жібермеуге тырысамын. Спортқа келгеніме екі жыл болды. Мені футбол әлеміне әкелген «Тобылдың» үздік ойыншысы – Ислам Чесноковтың ойындары», – деген Арсен әлденеге алаңдап тұрғанын байқатты.
Атрибут алуға кезегі де келіп қалыпты. Әудем жерде команданың белгілерін жасөспірімдердің жүзіне әспеттеп жатқан өнер иесін көрдік. Өзін Юлия деп таныстырған бойжеткен Қостанайдағы көркемсурет мектебінің түлегі екенін айтты.
«Бұл салаға келгеніме тоғыз жылдан асты. Өнерімді бағалап шақырту жіберген «Тобыл» футбол клубына алғысым шексіз. Чемпионатта сүрінбей, жанкүйерлерін қуанта берсін», – дейді Юлия Аксёнова.
Команда мүшелері жанкүйерлермен суретке түсті, викториналық ойындар ұйымдастырылды.
Ислам Чесноков пен Николай Сигневичке маусымның арнайы сыйлығы берілді.
Бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиев құрамның жоғары орындарға таласатынына уәде берді. Қолдау білдіргендерге шынайы алғысын білдірді.
Жалпы команда құрамы негізгі ойыншыларын сақтап қалды деуге болады.
Биылғы құрам назарларыңызда:
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев