5 июня, 2025
Тобыл төрінде ғалымдар бас қосты

Тобыл төрінде ғалымдар бас қосты

Қостанайға  ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының Президенті Бақытжан Жұмағұлов келді. Инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдері, ғылымның өндіріспен практикалық байланысын дамыту тақырыбында Президиумының кеңейтілген көшпелі отырысын өткізді. Облыс орталығындағы бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Отырыс барысында негізгі стратегиялық мәселелер талқыланды.

 

«Қостанай қаласы машина жасау, металлургия және тамақ өнеркәсібі, жоғары технологиялық өндіріс өсімінің локомотиві болып келе жатыр. Ел экономикасында, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізуде маңызды рөл атқаратындығын ескере отырып, осы өңір Президумның кеңейтілген отырысын өткізуге  таңдап алынды. Іс-шара бағдарламасы инженерлік қызметтің даму тенденциялары, ғылыми-инженерлік қоғамдастық, білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы тиімді ынтымақтастық жолдары туралы көптеген мәселелерді талқылауды қамтиды. Сол себепті  ҚР ҰИА Қостанай облыстық филиалының басшылары мен мүшелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің жоғары оқу орындарының ректорлары, Қостанай облысының ірі кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар, инженерлер, студенттер шақырылып отыр», – деп атап өтті ҚР ҰИА төрағасы Бақытжан Жұмағұлов.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов инженерлік ғылым саласының рөлі мен тиімділігін жүйелі түрде арттыруға бизнеспен өзара іс-қимылды жалғастырып, кадрлар даярлауға бағытталған шешімдер қабылдау қажеттігін алға тартты.

«Мемлекет басшысы тапсырғандай, бәріміз бір бағытқа жұмылып, өндіріс мамандарын дайындау керекпіз. Бұл еліміздегі ғылым мен өнеркәсіптің маңыздылығын ілгерлетеді. Қостанай облысы өзінің бай тарихы мен дамыған өнеркәсібімен танымал өңір. Құнарлы жерлері мен ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ететін көлік құрылымдарымен белгілі орта.  Биыл біз қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуына зор ықпал еткен Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Ол ақын, қоғам қайраткері ғана емес, ғылым мен білімді жанашырлықпен насихаттаған дара тұлға. Бүгін осы кісінің есімімен аталатын Қостанай инженерлік экономикалық университеті дарынды жастарды даярлайтын маңызды нысанға айналып келе жатыр. Индустриалды, политехникалық арнайы білім беретін оқу орындары да жұмыс істеп тұр.  Ол жерден шыққан мамандар жаңа өнім өндіруге атсалысады деп сенеміз. Осы бағытта өндіріс кешендерімен ортақ меморандумдарға қол қойылып жатыр. Бүгінгі іс-шараны өткізуге атсалысқан ұжымға алғыс білідіреміз», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Қазақстанның экономикалық дамуы мен халықаралық тәжірибеге бейімделу мәселелері жиі талқыланатын тақырыптар қатарында. Ол жөнінде ҚР ҰИА төрағасының орынбасары, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов өз ойын білдірді.

«Қазақстанның экономикалық дамуында Жапония мен Германияның жетістіктері жиі үлгі ретінде қарастырылады. Бұл елдер жоғары технологиялық өндіріс, инновациялық шешімдер және тиімді басқару жүйелерімен танымал. Қазақстан да осы елдердің тәжірибелерін зерттеп, өз өндірісін дамытуға бағытталған шаралар қабылдауда. Қоғамның бейімделуі тұрғысынан, Қазақстанның жас ұрпағының білім алуына, жаңа технологияларды меңгеруіне және халықаралық тәжірибені қабылдауына ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Малайзияның «Азия жолбарысы» атануының бір себебі – мемлекеттің білім мен ғылымға деген басымдық беруі. Қазақстан да осы бағытта қадамдар жасап, жастарды әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті етуге ұмтылуда. Елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін модернизация, ауыл шаруашылығын жаңғырту және техниканы жаңарту – бір-бірін толықтыратын міндеттер. Бұл бағыттарда табысқа жету үшін тек мемлекет тарапынан емес, бүкіл қоғам тарапынан да қолдау мен белсенділік қажет», – деді Рахман Алшанов.

Қазақстанның өндіріс саласындағы қазіргі жағдайы мен даму бағыттары мемлекет тарапынан айқындалған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттар елдің индустриалды-инновациялық дамуына, аграрлық секторды жаңғыртуға және техникалық жаңаруға бағытталған. Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бастамалар бар екенін ҚР ҰҒА Вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Амандық Төлешов айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологиялары еліміздің экономикалық дамуына зор ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктер туғызатынын үнемі айтып келеді. ЖИ саласындағы отандық өнімдерді дамытуға, білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын енгізуге және азаматтардың ЖИ дағдыларын арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен болатын. 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдамада ЖИ саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін қаржыландыру, білікті мамандар даярлау, цифрлық дағдыларды бекіту және ЖИ технологияларын түрлі салаларда қолдану мәселелері қарастырылған. ЖИ-ді ғылыми зерттеулерде, өнеркәсіпте, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында қолдану көзделген. Қазір Отандық ЖИ өнімдерін жасау мен енгізуге басымдық берілуде. ЖИ технологиялары өндірісте автоматтандыруды, тиімділікті арттыруды және шығындарды азайтуды мақсат етеді», – деді Амандық Төлешов.

Бүгінде ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, өндірістік робототехника сияқты салаларда пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Зияткерлік жүйелер арқылы өндіріс орындарындағы қауіпсіздік, сапа бақылауы мен болжау жүйелері жетілдірілді.

Демек, ғалымдар ЖИ-ді нақты инженерлік міндеттермен байланыстыруды, яғни теория мен тәжірибені ұштастыруды қолдап отыр.

«Академиктер ЖИ-дің өндіріске тиімді енуі үшін ғылым, білім және бизнес арасындағы байланысты күшейту қажет екенін айтады. Қазақстан ЖИ-ді дамытуда нақты қадамдарға көшті. Ендігі мақсат — ЖИ технологияларын кеңінен өндіріске енгізіп, бәсекеге қабілетті отандық өнімдер жасау», – деді академик.

Жоғары атап өткендей, ЖИ өндіріс тиімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Қауіпсіздік пен сапаны бақылауда жаңа мүмкіндіктер ашады.

Интеллектуалды жүйелер өндірістің түрлі салаларында инновациялық шешімдер ұсынады.

Академик Амандық Төлешов атап өткендей, ғылыми жетістіктер өндірісте нақты қолданылып, экономикалық әсерге ие болуы тиіс. Ол үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігі зор. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан жасанды интеллектті дамытуға қаржылық және стратегиялық қолдау көрсету — еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының басты факторы.

Жиын соңында ҚР ҰИА атынан Қостанай қаласының үздік өндіріс және білім беру қызметкерлері марапатталды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек