Қостанай облысының барлық медициналық ұйымдарында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Акция барысында әйелдер мамандарға алдын ала жазылусыз-ақ қаралып, тегін кеңес алды.
Бұл акцияның басты мақсаты – әйелдердің денсаулығын нығайту, болашақ аналардың жүктілікке дайындығын күшейту, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайтуға ықпал ету. Облыс бойынша барлық сала мамандары қабылдау жүргізеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қостанай облысында бала туу жасындағы әйелдердің саны – 176 306. Бүгінде жүктілік бойынша есепте тұрғандар – 4 146, олардың ішінде жоғары қауіп тобына кіретіндері – 3 703 әйел. Биыл жүктілікті жоспарлап отырғандар – 9 207, ал олардың ішінде прегравидарлық дайындықтан өткендері – 2 839, яғни 30,8%.
– Әйелдер консультациялары болашақ аналардың денсаулығын сақтауда, ана мен баланың амандығын қамтамасыз етуде, сондай-ақ демографиялық міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл жұмыс өзекті әрі қажетті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Қозыбаева.
Дәрігерлердің айтуынша, әйелдердің денсаулығын бақылау – отбасы институтын нығайтуға, демографиялық өсімге және болашақ ұрпақтың амандығына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір әйел өз денсаулығына бейжай қарамай, мамандарға дер кезінде қаралуы қажет.
– Бұл шараға тек әйелдер ғана емес, балалар мен жасөспірімдер, ер адамдар да келе алады. Себебі біздің бөлімшенің мүмкіндігі басқа медициналық ұйымдарға қарағанда әлдеқайда кең. Жүкті әйелдерде денсаулығына байланысты қиындықтар туындаған жағдайда олар бізге жолданады және біздің мамандар кәсіби көмек көрсетеді. Сонымен қатар іште жатқан баланың дамуын бақылап, қандай да бір ауытқудың алдын алу үшін барлық қажетті заманауи аппаратура бар, – деді облыстық аурухананың әйелдерге кеңес беру бөлімшесінің меңгерушісі Кристина Газизулина.
Айта кетейік, 2022–2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыстағы 732 отбасылық жұп тексеруден өтіп, ЭКҰ (экстракорпоралдық ұрықтандыру) бағдарламасына жолданған. Осы жылдың І жартыжылдығында бөлінген 140 квота толық игерілді. Ал ІІ жартыжылдыққа қосымша 133 квота қарастырылып отыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
