Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздары Тобыл-Торғай өңіріне аяқ басты. Қала күні мерекесіне арнайы келген өнерпаз ұжым қостанайлықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Петропавл қаласының құрметті азаматы Дәмеш Құрманкина Қостанай жұртын мерекемен құттықтады:
“Сіздердің қалаларыңыздан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Шоқан Уәлиханов сынды қазақтың тұңғыштары шыққан. Сіздер мен біздердің ата қоныстарымыз бір. Тарихымыз астасып жатыр. Еліміз ынтымақты, жұртымыз тыныш. Осы берекеден ажырамайық. Осындай тұлғалар әрдайым шыға берсін, өсіп өркендей беріңіздер, Қостанай қаласының 145 жылдығы құтты болсын!”, – деді Дәмеш Құрманкина.
Жерлес композитор Қалибек Деріпсалдиннің “Ерке құсым” әнін әуелетті.
Халықаралық байқауларға қатысып, елдің атын күллі әлемге таратып жүрген “Мәңгілік” би ансамблі қазақтың тамаша қоңыр әуенінің сүйемелдеуімен мың бұрала би биледі.
Мәңгілік би ансамблі жуырда “Солнечный Болгария” шығармашылық турынан барша қазақты жақсы әсерге бөлеп оралған болатын. Байқауда “Мәнгілік” би ансамблі Болгария Республикасындағы Еуропаның 5 беделді фольклорлық фестиваліне қатысты, “Fidaf” халықаралық би фестивальдері Федерациясының қамқорлығымен “Мәңгілік” би ансамблі Қазақстан Республикасын халықаралық аренада абыроймен таныстырды.
Осылайша, фестивальдің бас жүлдесі – Гран приді сенімді түрде алды.
Бұл әріптестерінен Солтүстік Қазақстан облысы филармониясының «Туған жер» би ансамблі де қалыс қалған жоқ. Жақында Италияның халықаралық фестиваліне қатысып келді.
Апиро муниципалитеті мен «Урбанитас» мәдени-фольклорлық бірлестігі ұйымдастырған «Терраностра» халықаралық фестивалі Италиядағы ең көне және маңызды фольклорлық фестивальдердің бірі.
Биыл фестивальге Оңтүстік Корея, Қазақстан, Кения, Мартиника, Перу және Сербиядан әртістер барған.
Дауысы жер жаратын Асхат пен Динара Тауішевтердің де аты көпке үлгі. Лирикалық әндерін көрермендердің назарына ұсынды.
Өзге де филармония ұжымының әншілері мен бишілер қауымы қала күнін тамашалауға келген ағайынның көңілін жадыратты, халық күйлерімен қауыштырды. Әр замандардағы әсем әндер орындаушыларының шеберлігімен елдің жүрегінен орын тапты.
Қостанайлықтар үшін тағы бір тосын оқиға болды. Араға тура он төрт жыл салып, қазақтың халық әртісі Роза Рымбаева Қостанай елімен қауышты.
Бұл туралы қала әкімі Марат Жүндібаев тұрғындарды қала күнімен құттықтауында айтты.
“Құрметті қостанайлықтар, бүгін сіздер мен біздер тамаша бір оқиғаның куәсі болғалы тұрмыз. Ортамызға халқының аяулы қызы жұртымен бірнеше жылдан бері қауышқалы отыр. Қала күнімен барша қостанайлықтарды құттықтаймын!”, – деді Марат Жүндібаев.
Қала әкімі мейманға сый-сияпатын табыс етті. Роза Қуанышқызы өзінің елге деген ықыласын білдірді:
“Сәлем бердік, Қостанай жұрты! Қанша дегенмен, сіздердің алдарыңызда үлкен сыннан өткелі тұрғандай сезінеміз. Сіздер қашанда біздің қолдаушымызсыдар. Өнер деген әрдайым халықтыкі”, – деді Роза Рымбаева.
Осылайша, қостанайлықтар, әсіресе, аға буын өкілдері жас күніндегі әндерімен қауышып бір жасап қалды. Әншімен қосыла шырқап, ортада би биледі.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков