“Тобыл” “Шахтерден” басым түсті 

“Тобыл” “Шахтерден” басым түсті 

Футболдан ел біріншілігі әр тур сайын тартысты бола түсуде. Осылайша, қостанайлықтар тағы үш ұпайға қол жеткізді. Алайда ойын барысында қиындықтар да болды.

Қырық екінші минутта Давид Энен, Роман Асранкулов, Ахмет Әл-Мессауди үштігінің жасаған комбинациясы тамаша голға айналған еді. Алайда бұлардан бөлек қапталдағы шабуылшы ойыннан тыс қалғандықтан бұл гол есепке алынбады. Ойынның 61 минутында Роман Асранкулов ала допты қақпаға дәл бағыттаған. Қарсыластардың қорғаушысына қарсы допты күтіп алған ойыншы тәртіп бұзғаны үшін ол да саналған жоқ. Бұдан кейін қарағандылықтар өз айып алаңында қолмен ойнады. Алайда Ислам Чесноков он бір метрлік айып добынан мүлт кетті. Дұрысы, кеншілердің қақпашысы Игорь Цуприков шеберлік танытты. Доптың ұшу бағытын дәл тауып, қақшып алды. Негізгі уақытқа бір минут қалғанда Ислам Чесноков бұл айыбын жуып-шайды. Бұл жерде Исламға көмекке келген Альберт Габараев туған күнінде командаға да, өзіне де күтпеген сый жасады деуге болады. Ол қорғаныстан допты алып шығып, Исламға асырды. Ислам Чесноков аутқа бара жатқан допты сақтап қалғанымен қоймай, алдына кесе-көлденең келген Рохер Канястан айласын асырды. Осылайша алаңға жаңадан келген Александр Зуевтің аяғына салып берді. “Тобылдың” командаға қайта оралған түлегі сол аяғымен тоқтатып, оң аяғымен серпіді. Сөйтіп қостанайлық команда ақыры дегеніне жетіп, үш ұпай олжалады.

Осы жерде айта кетейік, “Тобылдың” өзге қарсыластарына қарағанда ойнайтын артық бір ойыны бар. Соған қарағанда, жүлдеге таласатын мүмкіндігі арта түсті. Қазір қостанайлықтар турнир кестесінде 30 ұпаймен бесінші келе жатыр. Чемпионаттың аяқталуына “Тобыл” үшін бес ойын қалды.

Жаңалықтармен бөлісу