Қостанайда футболдан 2009 жылы туған қыздар арасындағы жарыс өз бастауын алды. Бұл бәсекеде «Тобыл» командасы алғашқы Қостанайдағы кездесуін Жетісу құрамасына қарсы өткізіп, 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ойынның алғашқы минуттарынан бастап «Тобыл» шабуылға ден қойып, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Алтыншы минутта Амура Қарабаева есеп ашты. Араға бес минут салып, Диана Нуркабаева есепті еселей түсті — 2:0.
Матч барысында Алина Сартаева, Варвара Цой, Әсем Доскеева, Әсель Санат сынды жас футболшылар өздерінің шеберліктерін көрсетті. Әсіресе Варвара Цой мен Амура Қарабаеваның тандемі ерекше көзге түсті — бір-біріне нәтижелі пас беру арқылы голдар ұйымдастырды. Қорытынды есеп — 8:0.
Команданың бас бапкері Денис Сафронов матч соңында өз пікірін білдірді:
«Қыздар үшін бұл биылғы алғашқы үлкен жарыс. Қысқа пастар, өзара түсіністік жағынан әлі де жұмыс істеу керек. Бірақ жігер мен шабыт жеткілікті. Осы турнирден үлкен тәжірибе жинаймыз деп сенемін. Бұл біздің Қостанайдағы алғашқы ресми ойынымыз», – дейді бас бапкер.
«Тобыл» командасы биыл ғана құрылып, жарыс жолына алғаш рет шықты. Соған қарамастан, қыздар алаңда сенімді өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Ойыннан кейін ата-аналар мен көрермендер жас футболшыларды ду қол шапалақпен шығарып салды.
Болашағынан үміт күттіретін бұл ұжым алдағы ойындарда да өзін жақсы қырынан көрсете алатынына сенім мол. Алда әлі бірнеше матч бар, және бұл жеңіс — тек бастамасы.
Гол авторлары:
- Амура Қарабаева — 2 гол (6’, 77’)
- Диана Нұрқабаева — 11’
- Алина Сартаева — 2 гол (31’, 75’)
- Әсем Доскеева — 40’
- Варвара Цой — 49’
- Әсел Санат — 66’