28 июня, 2025
«Тобыл» қыздар футбол командасы өз ата-аналарымен достық матч өткізді

«Тобыл» қыздар футбол командасы өз ата-аналарымен достық матч өткізді

Тобыл қаласындағы Затоболец стадионында «Тобыл» әйелдер футбол командасы мен олардың ата-аналары арасында достық матч ұйымдастырылды. Іс-шара «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының «Балаңа уақыт арна!» акциясы аясында өтті.
Матчтың ашылуына «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова қатысты. Әйелдер қанатының жетекшісі қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде осындай әлеуметтік жобалардың отбасы институтын нығайтудағы рөлін атап өтті.

«Бұл кездесу – отбасы мен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған нақты қадам. Ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі болып табылады», – деді ол.

2025 жылдың 14 сәуірінде Қазақстанда алғаш рет кәсіби әйелдер футбол лигасының маусымы басталды. «Тобыл» әйелдер футбол командасы 2007–2008 жылы туған бойжеткендерден құралған. Жас спортшылар жаңа лигада өз шеберліктерін дәлелдеп жүргенімен қатар, осындай әлеуметтік бастамаларға да белсенді қатысуда.

Бұл жолы олар алаңда өз қарсыластары ретінде ата-аналарымен ойнады. Достық форматта өткен матч «Балаңа уақыт арна!» акциясының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды және спорт пен отбасы құндылықтарын ұштастырып, ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталды.

Матчтан кейін команда ойыншысы Жадыра Хасенова өзінің әсерімен бөлісті.

«Ата-аналарымызбен бірге алаңда ойнау – біз үшін ерекше тәжірибе. Қолдауды нақты сезіну, бір команданың мүшесі болу – бұл тек спорт емес, отбасымызбен бірге өткізген маңызды сәт», – деді ол.

Ойын бейресми форматта өтті. Қатысушылар матч нәтижесіне емес, өзара түсіністік пен қолдау көрсетуге басымдық берді.

Кездесу достық әрі серіктестік рухында өтті. Матч соңында қатысушылар осындай іс-шаралардың тәрбиелік мәні мен қоғамдық әсерін атап өтіп, оларды тұрақты түрде өткізуге ниетті екендерін білдірді.

Тимур ШАГИРОВ,
Сабина КЕНЕСБАЕВА
ҚӨУ студенттері