Жерлестеріміз финалда шымкенттік «Ордабасымен» өткен ойынның алғашқы бөлігінде басымдық танытты.
Шабуылшы Николай Сигневич команда капитаны Асхат Тағыбергеннің айып добынан берген пасын керемет голға айналдырды. Екінші доп үздік сұрмерген Ислам Чесноковқа тиесілі. Осылайша «Тобыл» кубоктың жеңімпазы атанды.
Қостанайлық команданың жарқын жеңісіне байланысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желіде пост жариялады.
«Тобыл» барша жанкүйердің жүрегін дүр сілкіндіріп, Қазақстан кубогын жеңіп алды! «Тобыл» жігіттері соңғы минутқа дейін күресіп, бізге шын жігер, адал еңбек жеңіске жеткізетінін дәлелдеді! Бүгінгі жеңіс – жас ұрпаққа үлгі. Бұл кубок — тек футболшылардың емес, әр жанкүйердің, әр баланың, әр арманшыл жастың жеңісі! Қостанай — мықтылардың мекені! Армандаңдар, сеніңдер, ешқашан берілмеңдер — сонда жеңіс сендердікі болады! Алға, «Тобыл»! Алға, Қостанай! – деп жазды өңір басшысы.
