Қостанай ауданында су тасқынына қарсы жұмыстар бір сәтке кідіріс табар емес. Әсіресе, Тобыл қаласындағы алдын алу шараларына жергілікті атқарушы органдар қызу кіріскен. Өйткені бұл қаланы облыс орталығымен бөліп жатқан Тобыл өзенінің деңгейі біртіндеп көтеріліп келе жатыр.
Әзірге, ауданда қарғын судан қатты зардап шеккен елді мекендер жоқ. Дей тұрғанмен қауіп аймағында қалып отырған ауылдар аз емес. Әсіресе, Тобыл етегіндегі ахуал мәз емес. Қазір жергілікті атқарушы орган өкілдері, құтқарушылар жасағы және еріктілер күш біріктіріп, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге мейлінше даярланып жатыр.
“Тосыннан тонген топан су биыл елімізге ауыр тиді. Қазір Қостанай ауданына қарасты ауылдарда жағдай қалыпты. Алайда апатты күтіп, қол қусырып отыратын жайымыз жоқ. Жергілікті атқарушы орган барлық ықтимал төтенше жағдайларға дайын. Штабта ықтимал қауіп-қатер жан-жақты талқыланып, іс-қимыл қадамдары пысықталды. Барлық қызмет күшейтілген режимге көшірілді. Инертті материалдар, қапшықтар жеткілікті мөлшерде жиналды. Су тасқынына қарсы шараларға қатысатын барлық арнаулы техника дайын. Жергілікті атқарушы орган жұмысын сынап-мінеп, ісін сөзбен түзеп отыратын азаматтардың барлығын еріктілер қатарына қосылуға шақырамын. Аудан тұрғындарынан су келген жағдайда қауіпсіз орынға көшуге дайын болуларын сұраймын”, – деген үндеу жариялады аудан әкімі Берік Таңжарықов.
Қазіргідей сын-сағаттарда эвакуация кезек күттірмейтін мәселеге айналуға тиіс. Осыны қаперге алған аудан әкімдігінің өкілдері Затобол кентінің шеткі көшелерінде таңнан кешке дейін үй-үйді аралап жүр. Мақсат – тасқын қаупі төнгенде үй-жайды өздігімен тастап шыға алмайтын егде жастағы, мүмкіндігі шектеулі және жалғызілікті тұрғындарды алдын ала қауіпсіз жерге көшіру. Бұл шараға тәртіп сақшылары, медицина мамандары арнаулы көліктерімен бірге жұмылдырылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, төменгі көшелердегі әр баспананы түгендеуге мәжбүр етіп отырған мынадай жағдайлар бар: науқасы бар, мүгедек адамдардың бәрі бірдей жергілікті медицина мекемесінде тіркелмеген немесе кейбір қарттардың жалғыз тұрып жатқаны туралы еш жерде мәлімет болмауы әбден мүмкін.
“Сондықтан әуелгі кезекте осындай санатқа жататын тұрғындарды анықтап, оларды алдын ала эвакуациялау жұмыстарын бастадық. Тасқын қаупіне қатысты барлық жағдайды түсіндіріп, жедел жәрдем көлігімен туыс-туғандарының үйіне жеткізуді іске асырдық. Жалпы, шеткі көшелердің барлық тұрғынына сақтық шаралары туралы ақпарат беріп жатырмыз”, – дейді аудан әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева.
Бір байқағанымыз, жәрдемші топты тұрғындардың бәрі бірдей жылы қабақпен қарсы алып жатпаған сыңайлы. Бірі баспанасынан тапжылмайтынын айтып, мінез көрсетсе, енді бірі өз-өздерін қорғауға қауқарлы екеніне сендіріп, фото-видеоға түсірмеулерін талап етіп, ашуға мінді. Бірақ жағдайға бірден түсініспеншілікпен қарап, бұл амалды жанашырлық белгісі деп қарап жатқан тобылдықтар әлдеқайда көп. Атқарушы орган өкілдері де халықтан қай кезде де қамданыс үстінде отыруға шақырып отыр.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ