6 июня, 2025
Тобыл қаласында жеңіл атлетикадан  медиа майталмандары жарысқа түсті

Тобыл қаласында жеңіл атлетикадан  медиа майталмандары жарысқа түсті

Тобыл қаласындағы «Затоболец» стадионында өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен жеңіл атлетикадан ауқымды спартакиада өтті. Ұйымдастырушысы — ARNA news өңірлік қоғамдық-саяси газеті. Айтулы дода Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Бұл – Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы аясында өткізілген төртінші спорттық бастама. Осы жолы қатысушылар 100 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру және командалық эстафета бойынша бақ сынасты. Жарыс алаңы — нағыз бірлік пен салауатты өмір салтын дәріптеудің алаңына айналды.

  

Журналистер жарыс алдында өзара амандасып, әзілдесіп, қызу дайындықпен кірісті. Бұл жолғы ұстаным – тек қатысу емес, жеңіске жету болды. Нағыз спорттық рух сезілді.

Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі:

– Сіздер қоғам пікірін қалыптастырасыздар. Бүгінгі спорттық белсенділік – сіздердің салауатты өмір салтын насихаттаудағы жарқын үлгілеріңіздің бірі, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова:

– Қостанай журналистері – республикадағы үздік мамандар. Енді олар корпоративтік шараларды ұйымдастыру жағынан да өзгелерге үлгі көрсетіп отыр, – деп бағасын берді.

Журналистика ардагерлері Жанұзақ Аязбеков пен Сергей Харченко әріптестеріне ризашылығын білдірді:

– Бүгінгі жарыс көрсеткендей, қостанайлық журналистер тек жазуда ғана емес, спортта да мықты, – деп өз лебіздерін жеткізді.

Қазақстан Журналистер одағы ҚФ төрайымы Александра Сергазинова бұл шараны ұйымдастырғаны үшін аудан әкімдігіне және ARNA news редакциясына алғыс білдіріп, бұл кездесудің әріптестік пен достықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Бұл жарыс журналистер үшін кәдімгі жаттығу емес, салауатты өмір салтын қолдау мен командалық рухтың жарқын мысалы болды.

Жарыс нәтижесі төмендегідей:
1 орын — республикалық телеарналар мен басылымдардың меншікті тілшілерінен құралған команда
2 орын — «Қазақстан Қостанай» телеарнасы
3 орын — «Тобол инфо» ақпарат агенттігі

Жеңімпаздарға арнайы медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Балауса Жүніс