Тобыл қаласында мүгедектерге арналған төсеніш шығаратын шебер тұрады

Тобыл қаласында мүгедектерге арналған төсеніш шығаратын шебер тұрады

Көшедегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жиегінен сары белгілерді байқаған боларсыз. Көз жанарынан айырылған Тобыл қаласының тұрғыны Андрей Зелевский өзі секілді жандарға бағдар беретін осындай плита жасаумен айналысады. Бүгінде оның шағын шеберханасынан шыққан бұл бұйымдардың бір бөлігі аудан әкімдігінің ғимаратының алдында төселіп тұр.

Андрейдің айтуынша, бұл плиталар әкімдік ғимаратының жанында осыдан бес жыл бұрын пайда болған.  Кейін өнімнің сапасына сұраныс артып, «Алтын дән» мәдениет үйінің жан-жағы осынау материалдармен көмкерілді.

blank

«Бәрі осы Тобыл қаласына көшіп келген кезден басталды. Бұған дейін соқырлар қоғамының жатақханасында тұрып келдік. 2016 жылы осы пәтер бұйырып, көшіп келген болатынбыз.  Айналаның қоқысқа толы екенін көрмей байқандай болдым. Далада келе жатқанда қоқысқа сүрінердей боласың. Содан осы қоқыстан бір әрекет жасаудың қамын ойластыра бастадым», – дейді кейіпкеріміз.

Содан курстан өтудің қамына кірісті. Грант бойынша арнайы оқуға тапсырды. Басында сәтсіздеу болғанымен, әкімдіктегілер республикалық грантқа өтініш беруіне кеңес берді. Осылайша, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау  бизнес орталығының демеуімен, қалдықтарды өңдеу бойынша дәріс алып шықты.

«Біз үлкен отбасымыз,  – деп әңгімесін жалғастырды Андрей. Әлгінде ғана өндіріс орнына барып қайтқан болатынбыз. Ол жерде кішігірім жөндеу жұмыстары өтіп жатқандықтан, Тобыл қаласындағы пәтеріне келген бетіміз.  Аудан орталығына өзінше әр беріп тұрған өнімдерімен таныстыруға жол бастап бара жатты, – Алты баламыз бар. Бұйырса, жетіншісін күтіп отырмыз. Балалар әлі кішкентай. Әлі де еңбек ету керек. Содан көзі нашар көретіндерге арналған плита төсеумен айналыса бастадық.  Ондай дүние қоғамға қажет, – деп күрсініп те алды.

blank

Әлдене есіне түскендей күй кешті… Жетектеген ұлы Бористі жеңінен тартып тоқтатып тастады.

«Жиырма жылдан астам уақыт бұрын көлік апатына түсіп, жанарымда ақау пайда болды. Бірден кесіп айтқаным жарамас. Басынан дұрыстап баяндап берейін. Өзім әсем қала Арқалықта дүниеге келген екенмін. Есейіп, ел қатарлы ер жеттім. Ел астанасы атанғалы тұрған сол кездегі Целинаград қаласына оқуға түстім. Кейін ата-анамды Қостанайдың маңындағы Озерный ауылына көшіріп алып келдім. Араға бір жыл салып қалаға келдім. Көлік апатына түскеннен кейін көп уақытым ауруханада өтті. Осылай көзім нашар көруі жалғасып келе жатыр», – деп бір тоқтады.

«Уақыт емші» деп халық бекер айтпаған. Жылдар жылжып оған да бейімделе бастады. Спортпен бейімдеу орталығы саламатты өмір салтын ұмстануға ықпал етті.

blank blank

Андерей біртіндеп, жүзу, жеңіл атлетика, шаңғы спортымен айналыса бастады.  Сөйтіп жүргенде өмірлік серігін жолықтырды. Бүгінде ол –  мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пауэрлифтингтен әлем чемпионы.

«Жолдасым да спортпен айналысады. Бұған дейін жалдамалы жұмыскер болып келдім. Жетекшілерімнің шарапатының арқасында осындай деңгейге жетіп отырмын. Бұл өнімдерді қазір патенттеп те алдым», – деген Андрейдің бойын мақтаныш билегендей.

Міне, Андрей Зелевский көру қабілетінен айырылса да, өмірден үмітін үзбей, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жан. Оның бұл өнегелі жолы көптеген адамға үлгі бола алады. Қарапайым адам ретінде өмірден қиындық көрсе де, ол өзінің мақсатын анық біліп, еңбекпен, табандылықпен арманына қол жеткізді.

 «Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары үшін гранттық қаржыландыру – өмір сапасын жақсартудың ең тиімді жолы. «Бизнес Бастау» бағдарламасы осылай жолымды ашып отыр.  Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп алдым. Мемлекет ұсынған қолдау мен гранттық бағдарламалар арқылы өз ісін ашуға еліміздің әр азаматы кеңінен мүмкіндік ала алады», – дейді Андрей.

Андрей өзінің өндірісінде өзге де құрылыс материалдарын  шығарады.

blank

Оның плитадан бөлек блок, лего секілді өнімдері қайта өңделген қалдықтардан жасалады.

«Қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды кәдеге жарату менің кәсіпкерлік философиямның негізі іспеттес. Адамдар бұл бұйымдардың қоқыстан жасалғанын білгенде, таңғалып жатады. Біздің өнімдеріміз сапалы, берік, мұздан әрдайым қорғап тұрады. Сол себепті біразға дейін тозбайды», – дейді ол.

Андрейдің бұл жұмысымен тек бизнес жүргізумен шектеліп қойған жоқ. Назарбаев университеті, ҚИнЭу, Қостанай өңірлік университеті сияқты оқу орындарымен бірлесіп ғылыми жобаларға қатысып жүр. Бұл оның кәсіпкерлік қызметін жаңа деңгейге шығарып, инновациялық өнім өндіруіне жол ашқалы жатыр. Ол өз ісін жай ғана табыс көзі емес, әлеуметтік жауапкершілік деп те біледі. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тартып, оларды қоғамға бейімдеу – оның басты мақсаттарының бірі.

«Біз өнімдерді әзірлеп қана қоймай, оларды патенттеп те жатырмыз. Мен өзімнің мүмкінідігі шектеул адам ретінде, мұндай жандарға не қажет екенін жақсы білемін. Сондықтан оларға бейімделген жұмыс орнын ұсынуға тырысамын», – дейді кәсіпкер.

Андрей Зелевскийдің айтуынша, адам қандай жағдайда болмасын, дамуға, білім алуға, өз-өзімен жұмыс істеуге ұмтылуы керек.

«Бас тартпаңыз. Өз-өзіңізбен жұмыс жасаңыз. Кез келген азаматқа айтарым, әрқашан мүмкіндік бар», – дейді ол.

Андрейдің өмірлік көзқарасы осындай. Ол үшін ер адамның басты міндеті –отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуінде.

«Менің түсінігімде ер адам әрқашан бәріне жауапты. Отбасы үшін, жұмысты алға қояды. Өйткені Алла Тағала бізге бұл үшін бәрін берді», – дейді ол.

Андрей Зелевскийдің көру қабілеті шектелгенімен, өмірге деген құлшынысы, табандылығы мен сенімі арқылы үлкен жетістікке жеткенін айттық. Оның бұл жігері шын мәнінде шабыттандыратын, әлеуметтік кәсіпкерліктің қандай болуы керектігін көрсететін жарқын мысалдардың бірі ғана.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ

Қостанай ауданы