“Нұрай” шағын ауданындағы “Бөпем-ай” деп аталатын бөбекжай-балабақшасы екі қабатты ғимаратта орналасқан.
Салтанатты ашылуына Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов қатысты. Аудан әкімі бөбекжайда нендей жағдай жасалғанын көзбен көріп, жеке танысып шықты.
Балабақша директорының айтуынша, қазақ тілінде білім беріледі.
“Барлық қажетті жағдай жасалған. Топпен бірге жұмыс істеуге және жатын бөлмелер бар. Мұның сыртында музыка және медициналық бөлме қарастырылған. Тамақтанатын асхана да толық жабдықталған. Сондай-ақ, балалар жиһазы мен тәрбиеленушілерді дамытуға арналған ойыншықтардың барлығы жаңа. Мемлекеттік тілде оқытамыз. Ата-аналар 1 жастан 5 жасқа дейін балаларын балабақшаға бере алады. Аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін, сондай-ақ АӘК алатындардың баласы тегін қабылданады. Бір жылға балаға 54 мың теңге бөлінеді”, – дейді Бөпежан Байтақова.
Аудан әкімі Берік Таңжарықов балалардың мектепке дейінгі білім алу мәселесі ішінара шешілетінін атап өтті. Қостанай ауданының білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде кезекте мыңнан астам бала тұр. Аудан басшысы балабақша мәселесін тек жеке инвесторларды тарту арқылы шешілетінін жеткізді. Жалпы ауданда 55 білім беру ұйымы бар. Оның 44-і мектеп, тоғызы мектепке дейінгі ұйым және екеуі қосымша білім беру ұйымы.
Өткен жылы да Тобыл қаласынан мемлекеттік тапсырыспен 90 орындық жеке балабақша ашылған. Биыл тағы біреуі бөбектерге есігін айқара ашты. Енді тағы екі балабақшаны Мичурин ауылынан (100 орындық) және Заречный ауылынан (80 орындық) ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, жуықта таныстырылымы болған “Астана” және “Бәйтерек” аудандарныда салынатын көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын балабақша ету көзделген. Жалпы аудандағы білім беру мекемелерінің жай-күйі туралы аудан басшысы халықпен кездесуінде баяндап берді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Б. Көркембаев