Торғай еліне өзінің ақындық өнерімен белгілі болған, еңбек сіңірген ұстаз, әнші, айтыскер ақын Құтжан Қанжығалиннің 120 жылдығына орай «Өнердің дарабозы — Құтжан ақын» атты аймақтық ақындар айтысында астаналық ақын Тоба Өтепбаев бас жүлдені еншілеп, 300 мың теңгені олжалады.
Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевтің, ҚР Мәдениет қайраткері Әлпия Орманшинаның, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі иегері, жерлесіміз Жадыра Құтжанованың, Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Лиза Мизамбаеваның әділ бағалауымен 1-орын Ернұр Әуезханға бұйырды(Арқалық қаласы 200.000 теңге). 2-орынды Байбатыр Ахметбеков жеңіп алды(Жанкелдин ауданы 150.000 теңге). 3-орынды Балтасар Тұрысбек қанағат тұтты (Есір ауылы 100.000 теңге).
Құтжан Қанжығалин халық әндерін нақышына келтіріп шебер орындап қана қоймай, өлең шығарып, ән жазған. Өзі музыкалық аспапта сүйемелдеген. Аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтыстарында талай жүлделі орындарды қанжығасына байлап, Омар Шипин, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков сынды халық ақындарымен шеберлігін шыңдаған. Туып-өскен Аманкелді ауданында ақынның есімі елеусіз қалған жоқ. Көше аты берілді, аудандық балалар кітапханасы да ақын есімімен аталды. Өзі өмірден өтсе де жазған дүниелері, нақыл сөздері халық жадында. Сүбелі айтыста ел аузындағы ақынның осы қырлары сөз болды. Бұл туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.