Биыл Арқалық өңірінде “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасы аясында жалпы ұзындығы 24 шақырымнан асатын көше жолдарына орташа жөндеу жүргізуге 1 млрд 168 млн теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол сапасы жақсарғалы тұр.
Көше жолдары алғашқы болып жөнделген тірек ауылдардың бірі – Восточный ауылы. Нақтырақ айтқанда, таяуда аталған жоба аясында 304 млн теңгеге ауылдың 11 көшесі орташа жөндеуден өтті. Мердігер – “Алмас құрылыс Kazakhstan” ЖШС.
Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары аяқталу шегінде. Ауыл көшелеріне түгелдей дерлік асфальт төсеудің ұсақ-түйек жұмыстары ғана қалған.
Ынтымағы жарасқан…
Ауыл халқы көп ұлтты. Мұнда мыңға жақын адам тұрады. Барлық этностардың өкілдері үйлесімді өмір сүруде. Биыл жалпы сомасы 14,9 млн теңгеге ауылдың барлық көшелеріне жарық шамдар орнатылып, электр желілері жаңартылатын болады. Бұған дейін 92 көше шамдары болса, қосымша 212 шам орнату және 8,5 шақырым электр сымдарын ауыстыру көзделген. Ауылды абаттандыру аясында Әулиекөл ауданынан 150 түп ағаш көшеті әкелініп саябақ, мектеп, балабақша, әкімшілік ғимараттарының аумағына егілген.
Ауылшаруашылығы саласы негізінен өсімдік шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Ауылда 13 шаруа қожалығы және 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Диқандар биыл 30 мың гектардан астам егістік жерге егін екті. Елді мекендегі көшбасшы шаруашылық көзі “Восточный ауылы” ЖШС-мен жасалған өзара ықпалдастық жөніндегі меморандумға сәйкес, осы жылы 80 млн теңгеге жасанды төсенішімен футбол алаңы орнатылмақ. Сонымен қатар, серіктестік өз жұмыскерлеріне арнап екі тұрғын үй тұрғызбақшы. Сондай-ақ, “Раслан”, “Асар-1”, “Березка”, “Надежда-К”, “Анастасия” шаруа қожалықтары да көше спорт тренажерлерін орнатуға және ауыл аумағын абаттандыру бойынша демеушілік көрсетеді. Ал, 2024-2025 жылдары шаруа қожалықтары және басқа да тартылған қаражат есебінен балалар ойын алаңдары мен тартан жабындысы бар жүгіру жолы, баскетбол алаңдарын салу жоспарланып отыр. Мұның сыртында, көшеге бейне камераларын орнату және зираттың қоршауын ауыстыру сияқты іс-шараларды да атқару қарастырылуда.
Меморандум аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу және жыл сайын инфляцияның өсуін ескере отырып қызметкерлерінің жалақысын 15%-ке көтеру міндетін алған.
Алмас Сәрсенбаев, ауыл әкімі:
–“Восточный ауылы” ЖШС тарапынан жыл сайынғы меморандум аясында ағымдағы жылы көптеген іс-шаралар атқарылды. Қыс мезгілінде жыл сайын жалғыз тұратын қарияларға және жағдайы төмен отбасыларға көмір және отын жеткізуге көмек көрсетілді. Ауылдың барлық көшелері уақытында қардан тазартылды. Бұл мақсатта жыл сайын серіктестік есебінен шамамен 3 млн теңге қаражат жұмсалады.
Ауылдағы жедел жағдай да тұрақты. Учаскелік инспектор ұрлықтың алдын алу және қылмысқа жол бермеу мақсатында профилактикалық сипаттағы іс-шаралар жүргізуде. Мәдениет саласында да ауылымыздың көркемөнерпаздар ұжымы жыл сайын өткізілетін “Өнеріміз саған, Қазақстан” атты фестивальінде жүлделі бірінші орынға ие болды. Ерекше өнерімен танылған өнерпаздар арнайы грамоталармен марапатталды. Мектеп базасында оқушыларға арналған домбыра үйірмесі ашылды. Спорт саласында да ауыл жастары жоғары жетістіктер көрсетуде. “Қала әкімінің кубогі” үшін кіші және орта топ балалар арасында қалалық деңгейде өткізілген футбол жарысында ауылымыздың 2 бірдей командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ауыл жастары арасында волейбол, футбол, жеңіл атлетика түрлері жақсы дамыған. Алдағы уақытта арнайы мамандарды тарта отырып қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен шахмат сынды спорт түрлерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты бой көтереді. Биыл осы мақсатқа облыс бюджетінен 3,1 млн теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Жер учаскесі де белгіленді.
Кәсібің – нәсібің
“Ауыл аманаты” бағдарламасы ауылдардың дамуына тың серпін береді. Жеңілдетілген несие алуға ауылдың өзін-өзі қамтыған 3 тұрғыны құжаттарын тапсырды. Яғни, бұл бағдарлама арқылы кәсіпкерлер мал шаруашылығын дамытып, ауылда қосымша жұмыс орындарын ашпақ. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған екі жеке кәсіпкер де осы бағдарламаға қатысуға қам жасап отыр. Өткен жылы “Бастау бизнес” жобасы аясында ауылдың жас тұрғыны қайтарымсыз грантқа ие болып, тігін цехын ашты. Биыл тағы бір жас тұрғын, көп балалы отбасы мүшесі қайтарымсыз грантқа ие болып, дөңгелек жөндеу орталығының жұмысын бастады.
Жасұлан Қуаныш, грант иегері:
–Жастарға жеңілдетілген несие беретін бағдарламаға қатысып грант иегері атандым. Алған қаражатыма 2 қондырғы және басқа да қажетті құралдарды сатып алдым.
Өзім және көмекшім жұмыспен қамтылды. Дөңгелектерді жамаймыз, дәлдіктерін тексеріп береміз. Табыс бар, айналысуға болады. Жолдасым мектепте мұғалім. Көпбалалы ата-анамыз. Бұл әзірше ауылдағы жалғыз дөңгелек жөндеу орны. Тұтынушылар келіп, жұмыс жақсы жүріп жатыр.
Елена Пликус, ауыл тұрғыны:
–Ауылымыз мақтауға тұрарлық. Биыл көшелеріміздің де көркі кіріп, асфальтталып жатыр. Пойыз да, автобус та қатынайды. Ауыз судан да проблема жоқ, әр үйде су келіп тұр. Су болған соң ағашымыз да, гүліміз де, үйіміздің жанындағы бақшамыз да өсіп жатыр. Мектеп, балабақша жұмыс істейді. Наубайханамыз да бар, нан өнімдері сапалы, әрі қалаға қарағанда анағұрлым арзан. Елдің қамын ойлаған азаматтарға деген айтар алғысымыз да шексіз.
Толғандырған мәселе
Ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелер де жоқ емес. Ауыл маңын жағалай егістік алқабы алып жатқандықтан мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіруде. Интернет желісінің де қуаты аз. Қазіргі уақытта “Қазақтелеком” ұсынып отырған жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылу үшін шамамен 60 үй кезегін күтуде. Алайда, әзірге аталған мекеменің техникалық жабдықтарының жетіспеуіне байланысты жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылу мүмкін болмай тұр. Байланыс операторы радио-нүктелерін пайдалануды ұсынуда. Бірақ, бұл технология арқылы интернет желісінің жылдамдығы аз болатыны мәлім. Ауыл халқы мобильді интернет желісін 3G -ден 4G -ге ауыстыруды сұрайды. Бұл мәселе бойынша “Теле2” операторына хат жолданған. Байланыс операторының жауабына сәйкес, 4G технологиясын ауыстыру биылға жоспарланған көрінеді. Дегенмен, бұл іс-шара әлі күнге тек жоспар күйінде қалуда.
“Восточный” ауылының үстінен биыл жолы жаңғыртылып жатқан “Арқалық-Жарқайың” көтерме жолы өтеді. Қаламен аралықтағы жол, ауыл ішіндегі көше жолдары жөнделіп, елдің тынысы әжептәуір кеңіп қалды. Ауыл тұрғындары жол машақатынан арылып, алғыстарын айтуда.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы