Тіл жанашырлары ұмыт болып бара жатқан дәстүрмен қайта қауыштырды

Тіл жанашырлары ұмыт болып бара жатқан дәстүрмен қайта қауыштырды

Бүгін облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығы Наурыз мерекесіне орай ұмыт болған ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, облыс көлеміндегі барша тіл үйрету орталықтарының басын қосты.

Тіл жанашырлары ауыл-ауыл болып, киіз құрды.

Әр өңірдің тілдерді оқыту орталықтары арнайы бас қосып, төрт шаңырақ көтерді. Ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер қойып, нағыз этно-ауылдың тіршілігіне бөледі.

Қамшы ілу дәстүрі соңғы кезде ұмыт болып бара жатқаны айтылды. Ол – құдалық, құда түсу жолында жасалатын жоралғылардың бірі. Қазақ құда түсуді көздеген үйінің керегесіне қамшы іліп кететін болған.

Бұдан басқа “Біз шаншу”, “Ерулік” сынды салт-дәстүрлерді таныстырып, көрініс қойып берді.

“Президентіміз наурыз меркесін биылғы жылы ерекше тойлау керек деген болатын.  “Наурызнама” он күндік тұжырымдамасына сәйкес, 18 наурыз ұлттық киім күні болып бекітілді. Осыған атсалысуды ұйғарып,  облыстағы жиырма тілдерді оқыту орталығы бірлесе  дәстүрімізді көрсетейік деген мақсатпен бұл іс-шараны ұйымдастырдық. Құрылтайда Мемлекет басшысы тіл ешкімді мәжбүрлемей-ақ қалпына келеді дегенді айтты. Болашақта тіліміз көк туымыздай желбірейді деген түсінік берді.  Президентіміздің ана тілімізді осылай қолдап жатқаны қуантады”, – дейді облыстық “Тілдарын” тілдерді оқыту орталығының директоры Тоты Айтмағанбетова.

Домбыраны күмбірлете шырқалған ән, төгілген жыр, ұлттық тағамның түр-түрін әзірлеп, жайған наурыздың ақ дастарқаны ұлттық құндылығымыздың қаншалықты бай екендігінің айғағы.

Қойылған салт-дәстүрлердің ең қызығы – Деңгене дәстүрі. Бұрын ауылдың зеріккен жігіттері ауқатты бір үйге түсіп:

«Деңгене! Деңгене жегелі келдік», – дейтін болған.

Үй иесі олардың қалауы бойынша малдың етін түгел асып, сорпасымен бірге алдарына қояды. Егер жастар асты түк қалдырмай жеп кетсе, мал құны сұраусыз қалады. Үй иесі батасын беріп, жігіттерді аттандырады. Ал тауыса алмаса, бір малдың орнына екі мал берулері тиіс. Негізгі мәні – жас етке бір тою әрі көңіл көтеріп, бәс тігу.

Наурызнаманың онкүндігі аясында бүгінгі Ұлттық киім күнінде бас қосқан қауым ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, Қ азақтың көрнекті ақыны, елге белгілі жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек ағамыз бата берді. Құрметті қонақ болған мемлекеттік қызметтің ардагері Әбдіқадыр Әбілтаев, облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Сапарқызы, Құрметті ұстаз Пиалаш Балтақызы, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай және т.б.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санында оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Жаңалықтармен бөлісу