“Көмектен құр қалмаймыз ба?”: Рудныйға көшіп келген қандастар мәселе көтерді

“Көмектен құр қалмаймыз ба?”: Рудныйға көшіп келген қандастар мәселе көтерді

Өткен жылдың жаз айынан бері елге оралғандар бір жылға жуықтаса да, мемлекет тарапынан берілетін тиісті көмекті ала алмай отырмыз деп қынжылады.

Заң бойынша оларға баспана сатып алуға бастапқы 4 млн теңге берілгенге дейін көшіп келу шығыны және бір жылға дейінгі пәтерақы төленуі керек. Алайда “үйден-үй жалдап, тиісті көмекке қол жеткізе алмадық” деген бір топ ағайын облыс орталығына жауапты саланың мамандарымен жолығуға келді. Өйтетін себебі де бар. Рудныйдағы жергілікті мансап орталығына жүгінген қандастарға ондағы мамандар мардымды жауап бермеген.

Олардың басты қаупі – баспана сатып алуға берілетін қаражатты алып үлгермей қаламыз-ау деген күдік. Себебі, біріншіден, кеншілер қаласына бекітілген квота шегі 200 ғана, ал қоныс аударған қандастар одан әлдеқайда артық. Тоғыз жүзден артық адам көшіп келген. Жыл аяғында қалаға үнемделген қаржыдан 72 квота берілді. 2024 жылы облысқа бекітілген 550 квотаның тағы 200-і Рудныйға тиді. Қалғаны облыстың өзге қалалары мен аудандарына таратылды. Бүгінде кеншілер қаласына қоныстанған 919 адамның 500-ге жуығының квотаға қолы жетпей отыр. Екіншіден, қандас мәртебесінің шектеулі уақыты аяқталуға жақын. Енді тауы шағылған ағайын арыздарын Президентке дейін жеткізуге бекініп отыр. Ең қиыны, атамекенге келіп, жылулық таппаған күйі келген жерімізге қайта кетеміз бе дейді бауырластар.

 «Құжаттарымызды бірнеше рет ЭЦҚ арқылы тапсырдық. Бірақ e-gov өтініштерімізді қабылдамады. Ал бізден кейін қараша, желтоқсан айында келгендердің құжаттары өтіп кетті. Шілде, тамыз айында келген біздің құжаттар әлі мақұлданбай жатыр. Бұл қалай? Еліміз, жеріміз деп келдік емес пе? «Қандас» куәлігінің мерзімі алдағы тамыз айында бітеді. Мұндай мәселенің барын тіркеуге тұрмай ертерек айтуы керек еді… Қазір келгенімізге тоғыз ай болды. Мемлекеттен ешқандай жәрдемақы ала алмай отырмыз. Пәтер жалдауға деп берілуге тиіс ақшаны да алған жоқпыз. Арамызда үш отбасы бір үйде тұрып жатқандары бар. “Басқа ауданға көшіп барыңдар” дейді, күйеуім осы Рудныйда жұмысқа орналасты. Тоғыз ай болды, ана пәтерден мына пәтерге көшіп жүргеніміз. Арамызда аяғы ауыр әйелдер де бар. Ұрпағымыз білім алсын, қазақ екенін білсін деп келіп отырмыз, ал билік тарапынан еш қайран жоқ», – дейді Өзбекстаннан келген Жұлдызай Шотбаева.

Қандастардың арасында өнеркәсіп саласының мамандары жетерлік. Олардың Рудныйды таңдауының да себебі белгілі – мұнда ССКӨБ кәсіпорны бар.

«Біз билікпен қасарысып отырған жоқпыз. Президенттің бағдарламасымен Рудный қаласын таңдадым. Ана жақта 28 жыл кенші болып еңбек еттім, балам да кенші. Қазір ұлам комбинатқа жұмысқа орналасты. Ағайын-туыстың бәрі Рудныйда. Маған жүз пайыз көңіліме толғаннан кейін осы қаланы таңдадым. Бізге керегі сол. Қызым, келінім, балам бірге көшіп келді. Бәрінің білімі бар, бірі – лаборант, енді бірі – слесарь. Бізге басқа ауданға көшуді ұсынып жатыр. Мен басқа ауданға көшіп бармаймын», – дейді Естай Абдимажитов.

Жергілікті билікпен жүздесуге келген жиырма бес адамның айтары уәжі осы тектес. Рудныйдан басқа жерге кеткісі жоқ. Ал кеншілер қаласына тиесілі квота әлдеқашан аяқталған. Айтуларына қарағанда, бұл бірінші жиын емес, осыған дейін де облыс әкімінің орынбасарымен кездескен көрінеді.

«Денисов, Қамысты аудандарына жұмыс күші қажет. Тіпті Денисов ауданында 15 үй, Қамысты ауданының кәсіпкерлері 18 пәтер береміз деп отыр. Олар да квоталарын басқа өңірге бере салмақ емес. Қазір қазақ мектептерін балаларға толтыруымыз керек. Қамысты ауданы кәсіпкерлер арқылы 18 пәтер беру мүмкіндік қарастырып отыр. Сол проблеманы шешу үшін оларға жұмыс күші қажет. Біз қазір бұл кісілермен жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Билік өкілдері сәл сабыр сақтап, басқа да оңтайлы шешімдерді қарап көруді ұсынып отыр.

«Мәселе бар, бірақ шамалы шыдау қажет. Маусым, шілде айында келген қандастар мәселесін ай-аймен қараймыз. Жеке-жеке шақырып сөйлесеміз. Ыңғайға қарап, бірге шешім шығарылады. Облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының мамандары жұмысты бастап кетті. Сіздердің мәселелеріңізбен күнде айналысып жатыр десек болады. Олар әр ауданның жағдайымен танысып, бір апта аудан аралады. Қазір маусым, шілде айында келген адамдармен жеке-жеке тыңдап, біз сіздерге айтқанбыз. Ешкімді қалдырмаймыз. Әрқайсының отбасылық жағдайы, көзқарасы әртүрлі. Осы жерде отырған 25 адам қалған жүз адамның атынан шешімін қабылдай алмайды», – деді облыс әкімінің орынбасары жиылған жұртқа.

«Уақыт тығыз. Мамандарыңыз қандай жұмыс істеп жатыр? Біз ертең барлық көмектен құр қалмаймыз ба?» деген сауалдарын қойды қандастар.

«Сіздер мамансыздар, мұны жақсы білдіңіздер ғой. 200 адам толды, аяқталды. Ұтқырлық орталық сертификатын берген кезде, басқа жерге кетіңіздер деп айтуы керек еді», – дейді сөзін жалғап Жұлдызай Шотбаева.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали қандастарға үй-жайы, жұмысы дайын аудандарға баруды ұсынды. Қазір Жітіқара, Қамысты, Денисов, Бейімбет Майлин өңірлері қандастарды құшақ жая қарсы алуға әзір. Ол аудандарда толмай тұрған квота да бар. Алайда туыс-жақындарына үйренісіп қалдық деген бауырластар Рудныйдан кеткісі жоқ. Кенді кентте қалған адамдар, мысалы Соколов-Сарыбай кен орнына барады да, қарапайым жұмыс істейді. Өзге ауданға баратын болса, квотаның сыртында серіктестік басшылары баспанамен қоса мал, жер бермекші. Тіпті, жергілікті кәсіпкермен шарт жасасып қоюға да мүмкіндік бар. Ал Рудныйда отырсаң, тек 4 млн ақшамен шектеліп қаласың.

«Қандас санының квотадан асып кету жағдайы бұрын болмаған. Мұндай мәселе бірінші рет туындап тұр. Енді келесі жылды күтпеңіздер. Алдағы жылы келетін адамдардың мәселесі жан-жақты шешіледі. Заңға өзгерту керек деп ұсыныс айтып жатырмыз. Осы мәселемен сенбі-жексенбі жұмыс істедік. Ұсыныстарыңызды қараймыз. Сіздердің ар жақтағы материалдарыңызды, статистиканы көтеріп, заңға өзгерістер енгізуді сұрап жатырмыз. Маусымға дейін бір шешім шығар деген сенімдеміз. Қорықпаңыздар. Жағдай жан-жақты зерделенетін болады», – деді Ринат Зәкиұлы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу