Теріс ағым қайдан шығады? concept of terrorism. Silhouette terrorist on city background in smoke

Теріс ағым қайдан шығады?

Қазір кез келген ортада, әлеуметтік желіде ең көп талқыланатын тақырып – дін мәселесі. Жасы да, жасамысы да өз бетінше уағыз айтып, пәтуа шығарғыш болып алды. Басты себебі – халықтың діни сауаттылығының әлі де жеткіліксіздігі.

Кейінгі буынның мешіттерге, медреселерге келіп, имамдардан ілім алуы құптарлық іс. Әйтсе де сол ғидабат ордаларына бармай-ақ, сайттар мен ютубтан «ұстаз» тауып алушылар қатары көбейіп кетті. Аты-жөні Діни басқарма мен арнайы құзырлы органдардың «қара тізімінде» тұрған әлгі дәріс оқушылардың қаншама жастың тағдырын тас-талқан етіп отырғаны белгілі.

Терроризм қаупі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап күшейе түсті. Әлемнің көптеген аймақтарында экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы терактілер жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бүгінде жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екені белгілі болып отыр. Өкінішке қарай, тек өткен он бес жылдың ішінде Қазақстанда болған бірнеше ірі лаңкестік әрекеттен қаншама бейкүнә адам шейіт болды. Тараз, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы жантүршіктірерлік терактілер әлі көз алдымызда. Әріге бармай-ақ, күні кеше Ақтауда үш баласын өз қолымен бауыздап өлтірген қанқұйлының  Сириядан «Жусан» операциясы арқылы елге оралғаны анықталып отыр.

Облысымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет жастардың радикалды діни ағым жетегінде кетуінің бірнеше себебін айтып отыр. Соның бастысы – жоғарыда айтқанымыздай, адамның діни сауатсыздығы.

«Діни ілім алмаған адам өз бетінше ғаламтор арқылы іздейді. Дінге шала сауатпен келген жас жеткіншек өзінің қалай адасқанын аңғармай қалады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін олар жақсы біледі. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын түсініксіз әрі жат діни ағымды жақтаушылардың жасырын пиғылын насихаттайтын таралымдардың тым көптігі де қоғамға кері әсерін тигізуде. Олар өздерінің түсірген видео немесе ақпаратарына «лайк» және қоңыраушаларды басқан адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Сөйтіп, өздерінің желі қолданушыларына бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді, өзгеше контенттерді ұсынады, осындай арбаушылардың парақшасына жазылудың салдары жастарды адастыратыны хақ.

Ал екінші себепке тоқталар болсақ, қазіргі интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейді. Қарап отырсаңыз, мектеп қабырғасын аттаған баланың қолына ұялы телефон әперіп, интернетке емін-еркін кіріп, өзінің қалағанын көруге жағдай жасап қойғанбыз. Жастар интернетте жарияланған «дұрыс» немесе «бұрыс» діни мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, сол ақпаратты өзгелерге бөлісуді үрдіске айналдырған”, – дейді бас имам.

Үшінші себеп – отбасындағы тәрбие. Қазіргі таңда, күн көрістің қамымен ата-ана баласын жалғыз қараусыз қалдырып, таң атқаннан, күн батқанша жұмыста жүреді. Ал кейбір әке мен шеше балаларын туыстарына қалдырып жұмыс жасау үшін өзге елге кетеді. Ата-ана мейіріміне, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні белгілі. Ата-анасынан ала алмаған қамқорлықты сырттан іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда», – дейді бас имам.

Төртінші себеп – әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және жұмыссыздық. Жағдайы төмен немесе жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамаларға тез сенеді. «Тұрмыстың тапшылығы тау-
қыметінен жаман» демекші, лаңкестік идеологияға бой алдырған адамдардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ, тұрмыстық деңгейі де төмен. Жұмыссыздықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан шаршаған адам айналасындағылардан көмек сұрайды. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері өз пайдасына асырып, қаржыдан қысылған адамға көмек қолын созып өздерінің айтқанын жасауына мәжбүрлейді. Соңғы кездері, радикалды дінді жақтаушылар «таргет» арқылы өздерінің ақпараттарын жарнамалауға көшкен. Жастар көкейінде жүрген сұрақтың жауабын білу үшін сондай жарнаманы көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары қарай радикалды діни көзқарас пайда болады. Олар адамды қызықтыратын сұрақтар мен әңгімелерге тарту арқылы өздерінің тобына кіргізіп алады. Әрбір ата-ана әлеуметтік желіні пайдаланатын баланың осындай күмәнді сілтемелерге кіруін қадағалап отыруы керек.

Бесіншіден, психологиялық күйзеліске ұшыраған адам да жат діни ағымның жетегіне тез еріп кетеді. Себебі, қоғамнан шеттеп қалған жастар жақын жандарды жат санап, өзіне жылы сөйлеген бейтаныс адамға іш тарта бастайды. Арбаушылар әлеуметтік желі және сөйлесу арқылы психологиялық күйзеліске ұшыраған адамның сеніміне кіріп, оның санасын улай бастайды. Біз күйзеліске ұшыраған адамды психолог маманына көрсетудің орнына оны әркімнің айтуы бойынша емдейміз. Осындай бейтарап емдеудің нәтижесінің салдары орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады.

Алтыншыдан, жастардың радикалды діни ағымның жетегіне кетуге жұмыс орны мен оның араласатын ортасы да әсер етеді. Қарап отырсаңыз, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауда-саттықты берекесі бар, сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың азаматтар бар. Олар өз қастарына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарта бастайды. Әрине, олар жұмысқа өзімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді адамдарды іздейді. Не болмаса, діни сауаты жоқ жастарды қарамағына тартып, оларға радикалды діни үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастар дінге араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Себебі, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған жас студент шала сауатты, уағыз айтқыш жаңадан танысқан досының сөзіне еріп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді.

Жетіншіден, шетелдегі заңсыз оқу орындарында білім алу да жастарды адастырады. Себебі, еліміз тәуелсіздігін алып, қанатын кеңге жая бастағанда, жастарымыздың басым бөлігі діни білім алу үшін шетелге кетті. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары аз еді. Шетелдің пір тұтқан дін уағыздаушысынан ілім алу жастардың басына қонған бақпен пар-пар болғаны анық. Ата-анасы «балам шетелде білім алып, елге имам болып келеді» деп қуанатын. Ал баласы болса, еліне келіп дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзінің ілімі бойынша «ислами мемлекет құруға» тырысты. Осындай теріс пиғылды ілімнің жетегінде кеткен қаншама жастарымыздың өмірі темір қапаста өтті десеңізші?! Оған кім кінәлі? Жастардың бойындағы патриоттық және дәстүрлі дінге деген сезімді  қалыптастыру қажет. Себебі, 2000 жылдары көше кезіп, үй-үйді аралап өзге дінді насихаттап кітаптар мен жадынамалар таратып өзінің арам пиғылын іске асыратындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Олай дейтініміз, олар «ислам» деген қасиетті атты жамылып, өзінің теріс діни ағымдарын үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы насихаттап жұмысын жүзеге асырып жүр. Олардың бұл әрекеті, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті.

Жангелді Шәукенов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

«Мемлекет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ең алдымен оның құқықтық негіздерін жетілдіруі қажет. Біріншіден, діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралу жолдарына бөгет қоюды құқықтық тұрғыда нығайту қажет. Ол үшін діни экстремистік ақпарат тарататын ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттап, әдебиеттердің таратылмауының ұтымды жолын қарастыру керек.

Қазір, арнайы құзырлы мекемелер діни нысанға 30 күн ішінде сараптама жасап, оң немесе теріс қорытынды берумен аталмыш діни ақпарат немесе әдебиеттің ел аумағында таралу мүмкіндігін анықтайды. Алайда, осы уақыт ішінде ғаламтор немесе әлеуметтік желіде тарап кеткен діни ақпарат азаматтарды теріс жолға жетелеуі әбден мүмкін. Осы себептен, күмәнді діни ақпараттардың таралуының алдын алу үшін сараптама жүргізу уақытын мейлінше қысқарту қажет».

Профессордың дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша мынадай ұсыныстары бар:

  1. Салдармен күресуді тоқтатып, мәселелердің алдын алу тетіктерін күшейту;
  2. Кәмелетке толмағандардың діни қауіпсіздігін, зайырлы дамуын қамтамасыз ету;
  3. «Дәстүрлі мұсылмандықтың» ғылыми, теологиялық, құқықтық негіздемесін әзірлеу;
  4. Дін саласындағы мемлекеттік басқару және реттеу жүйесін жетілдіру. Орталық пен өңірлердің өзара іс-қимылын вертикалін оңтайландыру;
  5. Өңірлерде дін саласы бойынша жүріп жатқан барлық жұмыс бағыттарын орталық тарапынан әдістемелік сүйемелдеуді күшейту;
  6. Отандық жоғары оқу орындарындағы дінтану, теология, исламтану кафедраларының және еліміздегі ғылыми-сарапшылық ортаның әлеуетін дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге жұмылдыру.
  7. Ақпарттық-түсіндіру жұмыстары, дәрістер мен семинарлар арқылы діни сауаттылықты нығайту;
  8. Мектептердегі 9-шы сынып оқушыларына «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін факультатив ретінде емес, міндетті сабақ етіп енгізу керек;
  9. Жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық мамандықтарда «Дінтану» пәні оқытылуы тиіс.

Осы орайда дін істері басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп,діни қызмет саласындағы заңнама нормаларын бұзудың 5 фактісін анықтаған.

«Атап айтқанда, биылғы ақпан айында Қостанай облысының полиция органдарымен бірлесіп, Ресей азаматының Қазақстан Республикасына әлеуметтік желілер арқылы келген діни мазмұндағы фото және бейнематериалдарды ҚР аумағында таратуға және пайдалануға ұсынылмаған тарату фактісі әшкереленді. Зерттелетін материалда адамның және азаматтың діни қатыстылығына немесе дінге қатынасына байланысты оның құқығына, бостандығына және заңды мүдделеріне қол сұғу белгілері анықталды.Сот шешімімен шетелдік азамат 50 АЕК теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, облыс орталығының тұрғындарының анықталмаған жерлерде діни материалдарды таратуының 3 фактісі анықталды, аталған тұрғындар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы кездері Арқалық қайырымдылық мекемесі тарапынан ҚР дін саласындағы заңнамасы талаптарын бұзу фактілері жиі орын алып отыр.Сот органдарының қаулысымен 2023 жылдың наурыз айында аталған мекеменің қызметкері Р. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңнамасы талаптарын бір жылдың ішінде қайта бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, оған690 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – делінген басқарманың ресми мәліметінде.

Қиынды

Діни экстремизм мен терроризмнің күшеюі қоғам мен мемлекетке аса ауыр психологиялық және материалдық, адам шығынын әкелуімен қатар, азаматтық өшпенділік немесе алауыздықты тұтатып, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуді және оның аумақтық тұтастығын бұзуды мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуіне дейін әкеп соғатын қаупі бар.

Жаңалықтармен бөлісу