Қостанай қаласының теміржол вокзалы ғимаратында «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Қостанай жүк тасымалдау бөлімшесі» бірлескен Мобильді қоғамдық қабылдауы өтті. Қабылдауға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, заңгер, «Отбасы банк» және «Halyk Life» мамандары қатысты.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов пен қалалық мәслихат депутаты Бағытбек Сандыбеков қатысып, теміржол саласы қызметкерлерімен ашық диалог жүргізді.
Қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі қалалық инфрақұрылымға қатысты болды. Атап айтқанда, аулалық жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын жаңарту, қоғамдық көлік аялдамаларын жақсарту, жаңа автобус маршруттарын енгізу және жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату туралы ұсыныстар айтылды. Жол жүктемесі артқан көшелерге жарық орнату және жол белгілерін қою қажеттігі де атап өтілді.
Сондай-ақ, Аэропорт шағын ауданына қатынайтын автобустарды таңертең және кешкі уақытта іске қосу туралы ұсыныс білдірілді. Қатысушылар аялдамаларды жабық әрі ыңғайлы ету қажеттігін де алға тартты.
Қоғамдық қабылдауда денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында бейінді мамандарға қалай жолдама алуға болатынына және тіркелген емханадағы қажетті дәрігер болмаған жағдайда басқа мекемеде қызмет алуға бола ма деген сұрақтар қойды.
Тұрғын үй мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар партияның қолжетімді баспанаға бағытталған бағдарламаларына қызығушылық танытып, ипотекалық шарттарға қатысты нақты ақпарат сұрады. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалар бойынша пікір алмасты.
«Халықпен бетпе-бет жүздесу арқылы өзара сенім қалыптасады. Адамдар шынайы тыңдайтын және шешім ұсынатын билікке мұқтаж», – деді қалалық мәслихат депутаты Бағытбек Сандыбеков.
Қоғамдық қабылдау барысында 18 өтініш тіркеліп, олардың барлығы бақылауға алынды. Әрқайсысына жазбаша жауап беріліп, қажет болған жағдайда депутаттық сауал жолданатын болады.
«Қоғамдық қабылдаулар – нақты мәселелерді естуге мүмкіндік беретін тиімді алаң. Бүгінгі көтерілген барлық ұсыныс пен өтініш мұқият қаралып, тиісті органдарға жолданады», – деп атап өтті қоғамдық қабылдауды қорытындылаған Алмат Досмұхамедов.
«AMANAT» партиясының Мобильді қоғамдық қабылдаулары Қостанай облысының түрлі еңбек ұжымдарында және елді мекендерінде өз жұмысын жалғастырады. Бұл – халықпен тікелей және конструктивті диалог орнатуға арналған тиімді алаң.