«Текте бар-ау құштарлық сөзге деген…»

«Текте бар-ау құштарлық сөзге деген…»

Тиышкүл Бақжүнісқызы – ардагер ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері. Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінде, Жанкелдин, Аманкелді, Албарбөгет орта мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Ұлағатты ұстаздың ақындық қабілеті де оқырманын сүйсінтпей қоймайды. Бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

Әкеме

Асыл әке, өзің жасап бар қамды,

Сан ауырға тосып өттің арқаңды.

Жарылқадың, жабықтырмай бақтың ғой,

Үйелменді өзің құрған алқаңды.

 

Қилы заман өткен ауыр зардабы,

Иығыңа түсті соның салмағы.

Соның бәрі қалдырды ізін, көрдім мен

Ағарғанын қалай шаштың талдары.

 

Сен бар кезде бәрі болды тұз-түгел,

Қызығар да, талай адам үздігер.

Жалғыз ұл да, біз де алаңсыз күн кештік,

Оған куә – көрген бәрін біздің ел.

 

Ағайынға сыйлы едің, көлемге,

Жан беруші ең туған-туыс дегенде.

Отыр балаң сөз таба алмай қиналып,

Сыйғыза алмай қадіріңді өлеңге.

 

Анама

 

Бар жақсылық дариды екен анадан,

Абзалдығы өшпес мәңгі санадан.

Отырсам да бір әулетке ана боп,

Қиялымда еркелеймін мен оған.

 

Күндей шашып шуағыңды бәріне,

Тіршілікті келтіруші ең әріне.

Қонағыңды Құдайыңдай сыйладың,

Қарекетті бастап құлқын сәріде.

 

Келген жанды сый көрсетпей қайтармай,

Туысқанның көңілі гүл боп жайқалды-ай.

Отырады ағайындар әлі күн

Ізетіңді жеткізе алмай, айта алмай.

 

Қастерледің салт-дәстүрін халқыңның,

Артқаны да содан шығар нарқыңның.

Барлығын да атаушы едің ат тергеп,

Шын бағасын білгендей боп алтынның.

 

Іздегенде ағайындар көбіне,

Табылатын біздің үйдің төрінен.

Қайтушы еді үйлеріне марқайып,

Сен көрсеткен ілтипаттың себінен.

 

Ағама

 

Еске алғанда толқиды әркез көңілім,

Елес болып қала берер өмірің.

Жан бауырым, ойлағанда өзіңді

Жуады жас көйлегімнің өңірін.

 

Пайғамбардың жасы болды сүргенің,

Көрген түстей болды қызық, дүрмегің.

Тағдырыңа жазылыпты аз ғұмыр,

Қысқа жіптей келтірмейтін күрмеуін.

 

Мойымадың, қиындыққа шыдадың,

Соғыстың да көріп келдің сынағын.

Ақ тілегі ата-анаңның қабыл боп,

Аман келіп, жақтың үйдің шырағын.

 

«Шүкір» дедік, істің бәрі келді оңға,

Жүрдік біздер сақтасын деп енді Алла.

Өмір өтті ескен желдей гуілдеп,

Төрт құбылам түгел еді сен барда.

 

Татып жүріп бақыттың бал-шекерін,

Ойламадық осылай тез өтерін.

Жаратқаным жарылқасын алдыңнан,

Пейіш болсын мәңгі тұрақ-мекенің!

 

Қызыл кілем

 

Құлпырған масатыдай қызыл кілем,

Мен сенен өткен өмір ізін көрем.

Үйелменнің, әулеттің куәсісің

50 жылдық тарихың үзілмеген.

 

Сен едің анашымның көзін көрген,

Сипаймын сағынышты сезімдермен.

Анамның қолы тиген қастерлімсің,

Білмеппін шын қадірін кезінде мен.

 

Сол шақтың таба алмаспын емге бірін,

Өмірдің көрем сенен теңгерімін.

Жүзімді әжім торлады, қызыл кілем.

Қалыпсың солғын тартып сен де бүгін.

 

Сен менің серік болдың өміріме…

Көңілдің көшпесең де жерігіне,

Асықпа қажетсіз боп қалуға сен,

Тұра бер медеу болып көңіліме.

 

Ұлдарыма

 

Құдайым көп жақсылық қарастырып,

Беріпті, шүкір, бізге бақ аштырып.

Сол берген нығметтерді көрсін деп те,

Бір басқа қос көз берген жарастырып.

 

Азаматым шыр етіп туылғанда,

Қуаныштан жаспен жүз жуылғанда,

Мен басқа жарымаған пенде едім,

Мол қуаныш сыйлады шыбын жанға.

 

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған»,

Жалғыз жан елегзімей жүре алмаған.

Архатым да туылды, «серігін бер»

Деген тілек өтеліп бір Алладан.

 

Қос ботам көз алдымда, міне бүгін,

Шүкір етем барына тірегімнің.

Жұптарың, құлындарым, жазылмасын,

Татулықпен өмірді сүре білгін.

 

Есімде, Азаматым жігіт болып,

Білдірген еді ойын сынық болып.

Қол жайып, ақ батасын берді оларға,

Ата-ана қуаныш пен үмітке еріп.

 

Қосылған қос тағдырдың түйісінен,

Тігілді жас шаңырақ үй ішінен.

Ағайын да, біздер де мас болғанбыз,

Отқа құйған сол майдың иісінен.

 

Келінім құт боп келіп, түсті ерек боп,

Құдайым берді өзі істі електеп,

Өрбітті Азаматтан үш ұрпақты,

Үшеуі жайқалып тұр үш терек боп.

 

Ата-әжесі не тілер ұқсын жаны,

Бар жақсысы елімнің жұқсын-дағы,

Абзал, Мақсат, Батухан балаларым –

Ел шықпаған шыңдарға шықсын бәрі!

 

Қыздарыма

 

Алла біліп құлының жарлылығын,

Жеті перзент сыйлады, жан жылуын.

«Бес саусақ бірдей емес» дегендейін,

Ол перзенттің орны бар әрбірінің.

 

Ырыс алды Лаурадай бала берді,

Әулетке көп жақсылық ала келді,

Ол өсті қамқор болып кейінгіге,

Соңына ертіп дүйім жұрт, тамам елді.

 

Сыйлы боп дос-құрбыға дәурен сүріп,

Бұл үшін қалдырмаспын тәубемді ұмыт.

Бойында жақсылықтың әр түрі бар

Жүретін жүректерге сәуле ендіріп.

 

Сәулем менің өзіме ұқсағаным,

Ата-анадан қасиет, жұқса дарын,

Не арман бар, атқарса тілегіңді,

Қабағыңнан айтқызбай ұқса бәрін.

 

Райгүлім сүйеді туралықты,

Көңілін әділетпен суарыпты.

Шындықты бетке айтатын мінезі бар,

Өйткені жүрегі адал туа бітті.

 

Назгүл де туды солай керек күні,

Оның да бар өзінше еректігі,

Ақылы, нәзіктігі өзгеше боп,

Оқуда озық болды – зеректігі.

 

Жайнаған қыр гүліндей Самал жаным,

Шүкіршілік етемін оған да мың.

Назардан әр нәрсені тыс қалдырмас,

Жайлылық әр ісінен табар жаным.

 

Жолын таңдап атасы-анасының,

Маманы боп ағарту саласының,

Атқарды абыроймен жұмыстарын,

Артқан кезі аз емес бағасының.

 

Түзу шықсын әрдайым түтін дейміз.

Тәубемен иманды да бүтіндейміз.

Бүгінде өрісі олар ата-ананың

Құдірет, бергеніңе шүкір дейміз.

 

Елу жыл өте шықты қас-қағымда

 

Елу жыл өте шықты қас-қағымда,

Тез өтерін сезбедім жас шағым да.

Ақтарсам сол жылдардың парақтарын,

Мән жатыр ой салатын астарында.

 

Қалдырған жолаушыдай шартарапқа із,

Жастықта не қиында шаршамаппыз.

Өтіппіз талай асу, асқарлардан,

Тірліктің жүгін бірге арқалаппыз.

 

Қиналмай дүниенің тарлығына,

Кие болып Алланың жарлығы да,

Әкелдік дүниеге жеті бала,

Шүкір, бүгін басы аман барлығы да.

 

Осы-ау деймін мен білген шамадағы,

Қыдыр дарып, бақтың да қарағаны.

Ағайын, жолдас-жора сыйластықпен

Қадірлеп, барымызды бағалады.

 

Зейнетке де шықтық сол құрметпенен,

Шәкірттер бас иеді шын көптеген.

Қай кезде де жұбымыз жазылмады,

Қуаныш пен қайғы жоқ бірге өтпеген.

 

Есігіміз болды ашық дос-жаранға,

Сыйға-сый, сыраға – бал тостағанда.

Қанша қонақ атқардық, шүкір бұған,

Жай ғана дәм татқанды қоспағанда.

 

Бөленіп жерім нұрға, көгім нұрға,

Келді бүгін балалар, келін мұнда.

Құттықтап ата-ананың мерейімен,

Жасартты екеумізді елу жылға.

 

Күз

 

Көреміз жапырақты жерден, міне,

Белгісі сары күздің келгендігі.

Аяқ асты шашылған жапырақтар,

Жария қып жатқандай елге мұны.

 

Сарғайып бар өлкенің атырабы,

Жылы жақ жыл құстарын шақырады.

Өмірдің өзгергішін көрсетіп тұр,

Ағаштың кеше жасыл жапырағы.

 

Үйлеспес күзді күнгі күй жастықпен,

Екі түс жапыраққа сыймас тіптен.

Тірі жан өткен күнін сағынады,

Құстар да кетіп барад қимастықпен.

 

Көктем

 

Көктем келді жер-дүниені құлпыртып,

Самал жел жүр әр бұтаны бір түртіп.

Шапағаты тиіп жатыр көктемнің,

Көңілдегі кірбіңдерді үркітіп.

 

Егіз екен табиғат пен тіршілік,

Соны ұқтырды тасқа дағы гүл шығып.

Қара жер де бусанады бой жазып,

Қыстай жатқан қар астында тұншығып.

 

Ауыл малы қырдан-қырға аса алмай,

Жабысады көк майсадан бас алмай,

Айналаның бәрі де мас жұпардан,

Жаратылыс бүгін тойын жасардай.

 

Жылғалардан су ағады сылдырлап,

Шолпысындай сұлу қыздың сыңғырлап,

Суық, ызғар кетпейін-ақ десе де,

Енді көктем өз дегенін қылдырмақ.

 

Барлық думан айналғандай өлеңге,

Шаттық сыйлап айналаға, көлемге,

Көктем бөлеп жылуына өзінің,

Тіршіліктің нұрын септі әлемге.

 

Өмірлік жолдасыма

 

Сен жүргенде талай қызға арман боп,

Кездестік біз, бұл сөзімде жалған жоқ.

Есімізде мәңгі қалар сәт болған,

Бір көргеннен жүректерде жанғанда от.

 

Ақ анамның тілегінің бар себі,

Көрмей жатып армандаған дәл сені.

Сәтті күнде кездестірді тәңірім,

Сол ақ тілек жұбымызға жаршы еді.

 

Қабыл болып анашымның тілегі,

Өзің болдың өмірімнің тірегі.

Тәубе деймін кезіктірген Тәңірге,

Екі жанбыз бір боп кеткен жүрегі.

 

Балаларға, барға шүкір етерміз,

Тәубе десек, көп тілекке жетерміз.

Амандығын күнде тілеп жүреміз,

Тілекшіге біз де айналған екенбіз.

 

Тәубе дейміз, Жаратқанның құлымыз,

Жазылмасын әлі біздің жұбымыз,

Алла қалап, көрсек түгел қызығын,

Сыйлап өтсек бірімізді біріміз.

 

 

Тағылымды шумақтар

 

Ойланған өмір сырын біліп өтті,

Берді Алла өлшеусіз көп нығметті.

Берген сыйдың қадірін білмегендер

Құтқарусыз құрдымның түбі кетті.

 

Біреулер семіреді тойғанына,

Біреу бейім тоба қып ойлануға.

Көңілі де, көзі де көкте болып,

Біреулер көз салмайды ойдағыға.

 

Пенделер, алған сыйды аялаңдар,

Алланың жомарттығын бағалаңдар.

Түседі таз күйіне бір мезетте,

Бергенін қадірсіз деп санағандар.

 

Алланың жарылқауы өлшеуі жоқ,

Күдер үзбей алайық, берсе тілеп.

Берекесін сұрайық және де оның,

Шүкіршілік қылайық еңселірек.

 

Өзім ғой деп мастанба байып болып,

Алла алдында тұрмайық айыпталып.

Бәрі өкініш, қадірін білмей қалып,

Қолдағы асыл кеткен соң ғайып болып.

 

***

Із қалдыру әр пенденің парызы,

Әрбір жанның бөлек болар әр ізі.

Артта қалар біреулердің ұрпағы,

Біреулердің мұра болар маңызы.

 

Біреулердің байлық болса арманы,

Біреулердің ісін әулет жалғады.

Тозатұғын дүниеден артығы –

Жақсы өнеге, адал ұрпақ қалғаны.

 

***

Өзен ақса арнаға толады екен,

Өмір озса, барша жан қонақ екен.

Алла ұқсас қып жаратқан барша әлемді,

Жақсылықтың жалғасы болады екен.

 

***

Жан бар ма өлеңімді саралайтын,

Зер салып, шамалайтын, бағалайтын.

Жазғанның жетістігін, кемшілігін

Айтатын кісі бар ма маған айқын?

 

Өлең деген ермек емес деген Абай,

Сөз теру оңай емес шамаламай.

Жаралыстан болмаса қабілетің,

Қоя сал қағаз бетін жараламай.

 

Текте бар-ау құштарлық сөзге деген,

Қинайтындай ойымды кезген өлең.

Жазсам бойым жеңілдеп қалатынын

Бұрынырақ мен бұлай сезген емен.

 

Келеді ойлар қиялға қас қағымда

Келмеген неге шабыт жас шағымда?!

Көп дүние қалар еді деп ойладым,

Жастай жазып, тасқа оны басқанымда.

 

Кеш жақсы дедік сосын ештен дағы,

Өшпеген көп нәрселер естен де әлі.

Айыпқа бұйырмаңыз, қартайғанда

Ақын боп, қалмай қойсақ көштен кәні.