2 июня, 2025
«Тазалық – саулық негізі» Фото: akmechet.kz

«Тазалық – саулық негізі»

Тазалықты – жәй ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап, түсінгеніміз абзал. Неге? Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші.

Тазалық жан-жақты: адамның бақытын, болашағын, ахиретін, имандылығы мен адамгершілік сияқты көптеген адам өміріне тән тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам ғұмырының зор байлығы денсаулық десе, сол денсаулықтың кепілі тазалық екенін ұқтырған.  Алла елшісі с.ғ.с.: «Тазалық – иманның жартысы»-деп, тазалықтың адам өміріндегі орны мен мәні жоғары екендігін және оны әр мұсылманның орындауы міндет болғандығын еске салады.

Әрбір адам бойына тазалық әдебін сіңіріп, әдетке айналдыруы тиіс. Ілімнің қайнар бұлағы Құранда: «Ей, мүминдер! Алла тағала сендерге ауыртпалық қаламайды. Ол сендерді таза болуларыңды және шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығметтерін тәмамдауын қалайды» — десе, ардақты пайғамбарымыз: «Дін – тазалық үстіне құрылған» -дейді. Ал, ислам дінімен біте қайнасқан, осы діннің ұстынымен тіршілік етіп, өмірлеріне арқау еткен дана халқымыз: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» — деген.

Тегінде тазалыққа дағдыланған адам жинақы әрі сергек болып, сылбырлықты, салақтықты, ұсқынсыздықты жек көреді. Шынайы мұсылман тазалықтың өз алдына жеке әдептері бар екенін жадынан шығармауы тиіс. Ол әдеп – адам әуелі өзінің тәнін, барлық ағзасын таза ұстаудан басталады.

 Тазалық иманның бір бөлшегі, таза болмағанның иманы толық болмайды. Үнемі таза жүргеннің ырыздық-несібесі мол болады. Үстіндегі киімі мейлі көнерген ескі болсын, бірақ таза болуы абзал. Дініміздің тазалыққа қатты көңіл бөлгендігін мына аяттан да байқауымызға болады: «Күмәнсіз Алла тағала тәубе етушілер мен таза болушылдарды жақсы көреді». Сондықтан мұсылманның киген киімін, отырған жерін, қоршаған ортасын таза ұстауы асыл дініміздің негізгі талабы.

Сондай-ақ мұсылман баласы салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуінде. Табиғат – Алланың берген үлкен нығметі. Адам да табиғаттың бір бөлігі болғандықтан, жер бетінде дұрыс өмір сүруі үшін, табиғатты аялап, қорғап, оны ластаудан, қажетсіз қалдықтарды тастаудан аса сақ болуы қажет.

Екі жаһанның сәруары хазіреті пайғамбарымыз адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың маңайларын ерекше таза ұстауға шақырып, сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Я, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кімдер?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы, ластаушыбүлдірушілер» — деу арқылы қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырған. Себебі өмір сүрген ортада қоғамның әрбір мүшесінің өз хұқығы бар. Біз жүрген жерімізді тазаламай ластап кетер болсақ, өзге бауырларымыздың хұқығын аяққа таптаған боламыз. Ал, исламда өзгенің хұқығын, ақысын жеу немесе аяқ асты етушінің ахиретте соншалықты зиян шегетіні қатаң ескертіледі.    

Халқымыз:  «Таза табиғат – халық байлығы» деп жатады. Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, ол – бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Алла елшісінің: «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені» дегенін де жадымыздан шығармағанымыз дұрыс. Өкінішке қарай, бізде керісінше болып жатады. Мәселен, қоғамдық орындарда немесе табиғат аясына сейілдеуге шыққанда, қоқысты шашып, ағаштарды сындырып табиғатқа кері әсерін тигізіп жататындар да кездеседі. Табиғатқа қиянат жасау сорақылықтың нақ өзі. Ал, қияметте бұл істен сұралады әрі жазасы да ауыр болмақ. Себебі

Алла тағала осы берілген шексіз нығметтердің о дүниеде сұрауы бар екенін ескертеді. «Ырыс-дәулеттеріңненберілген нығметтерден әлбетте сұраққа тартыласыңдар», – дейді.

Міне, мұсылман баласы осындай істерден аулақ болып, әр нәрсенің өз реті, өз сұрауы болатынын естен шығармағаны абзал.           

Тазалықтың өмірде алар орны ерекше. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы, тұрғылықты жеріміздің тазалығы, қоршаған ортамызды таза сақтауымыз, тұтынған дүниеміз бен ниеттің тазалығы, жүректің пәктігі, тапқан табыстың адалдығы – бәрі де салауатты өмір мен баянды тіршіліктің негізін құрайды. Сонда ғана отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтау өз қолымызда екенін анық аңғаруымызға болады.

Қаламыздың көркеюі тек коммуналдық қызметтің емес, әр тұрғынның жауап­кершілігінен  басталатынын ұмытпайық. Таң сәріден жұмысқа кірісетін таза­лықшы­лардың еңбегін елеп, олардың маңдай терін құрметтеу – көшені шашпай, қаланы таза ұстаудан көрінуі керек. Бұл – бүгінгі ғана емес, ертең­гі ұрпақ­қа да қалдырар мәдениетіміз. Өйт­кені қала тазалығы – қоғамның рухани деңгейі мен мәдение­тінің айнасы.

Қадірлі ағайын! Қымбатты қала тұрғындары! Айтылған насихатқа назар салып, тазалықты әрқайсымыз жеке басымыздан бастап, айналамыздың, барша жүрген жеріміздің де таза болуына жіті көңіл бөлейік.

 

                                      

                       Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев