“Тазалық-2012” ЖШС-нің сенімгерлік басқарушысы ауысты

“Тазалық-2012” ЖШС-нің сенімгерлік басқарушысы ауысты

Облыс орталығында қоқыс пен тұрмыстық заттарға қатысты шағымдар әлі де толастамай отыр. Қалада қоқыс шығарумен айналысып келген “Тазалық-2012” ЖШС қоқыспен күресіп, жұмысты еңсере алмады деуге болады. Шілденің 15-нен бастап серіктестік басшысы Александр Кушнир лауазымынан кетіп, сенімгерлік басқаруды “Соцсервис” ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ерлан Құлмановқа тапсырды.

“Тазалық – 2012” ЖШС-нің басшысы Александр Кушнир өзінің бұл лауазымнан кетуін зейнет жасымен байланыстырды.

“Мен зейнеткерлік жасқа жеттім. Біздің саланың сынға ұшырауының бірқатар объективті және субъективті себептері бар. Бірақ мен бұл себепті кетіп жатқан жоқпын. Экологиялық кодексте әр азаматтың келісім-шартқа отыруы керек екені нақты жазылған. Бірақ қалада 52 мыңнан астам адамда келісім-шарт жоқ. Олар тегін қоқыс төгіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік жинақтау нормалары мен тарифтерді жасауға міндетті еді. Өкінішке қарай, серіктестік тариф мәселесін 12 жыл көтеріп келді. Ресми тариф пайда болды, бірақ бұл сандар 2018 жылғы. Егер барлығы заңнама шеңберінде орындалғанда, қалада мұндай жағдай орын алмас еді. Заңмен реттелмеген тағы бір мәселе ол тұрмыстық заттар қоқысы. Оны шығару біздің міндетімізге кірмейді. Біз қызмет көрсететін алаңда үйіліп жатқан соң, жаман аты бізге келді”, – деді Александр Кушнир.

Қала әкімі аппараттық кеңесте Александр Кушнирдің бұл салада тәжірибесі мол екенін айтты.

“Бұл лауазымнан кету туралы шешімді Александр Кушнир өзі қабылдады. Оны оған ешкім итермелеген жоқ. Ол өзінің орнына Ерлан Құлмановты шақырды. Мен онымен таныс емеспін, бірақ басқа қалада осы салада жұмыс істеген, тәжірибесі бар екенін естідім. Сізге де қойылатын талап жалғыз, қаланы таза ұстау. Жан-жақты көмектесуге әзірміз, бірақ шыдап отыруға дайын емеспіз. Жұмысты жолға қойыңыз. Қоқыспен күресе алмасаңыз сот тәртібімен кәсіпорын өзге меншік иесіне беріледі”, – деді Марат Жүндібаев.

Жаңа басшы мекемедегі мәселенің бірі кадр тапшылығы екенін айтады.

“Қазір мен тек компанияның жұмысымен танысып жатырмын. Уақыт қажет. Бір білерім қызметкерлер жалақысын көтеру керек. Мұны тек тарифті арттыру арқылы шеше аламыз. Жітіқарада 12 жұмыс істедім. Ол жерде құлдырауға сәл қалған кәсіпорынды алдым. Қайтып аяқтап тік тұрғызу үшін 6 жыл уақыт кетті. Жітіқарада біз контейнерлік жүйені және бөлек жинауды енгіздік”, – деді жаңа басшы Ерлан Құлманов.

Қазіргі кезде кәсіпорында 15 техника бос тұр, жүргізушілері жоқ. Жаңа басшы ауызша түрде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптаумен айналысатын “Атамекен 4+” ЖШС-мен келіссөз жүргізгенін айтады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу