24.07.2025
«Таза Қазақстан»: еріктілер тазалық жасаудан жарысқа түсті

«Таза Қазақстан»: еріктілер тазалық жасаудан жарысқа түсті

Бүгін «Таза Қазақстан» жобасы аясында тағы бір ерекше акиця өтті. Қостанай ауданы әкімдігінің және экобелсенділердің бастамасымен «Тазалық ойындары» атты экологиялық сенбілік ұйымдастырылды.

Садовой-Садчиков ауылдары аралығындағы «DREAM PARK» демалыс базасы аумағына жүзден астам адам жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің өкілдері, «Жасыл ел» жасағының жастары, еріктілер, белсенділер бар. Ең қызығы, тазалық акциясына қатысушылар 19 командаға бөлініп, қоқыс-қалдық жинаудан жарысты. Межелі уақытта ыдысқаптарын алғашқы болып толтырып жинап келгендерді әртүрлі сыйлықтар күтті.

«Дәл осы акция облыста екі жыл қатарынан өткен еді. Ал Қостанай ауданында алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Әр командада 5-10 адам бар. Үш орынға жүлделер тағайындадық. Ойын шартын түсіндіретін болсам, жиылған қоқыстарға түріне сай балл есептеледі. Бір қап пластик жиналса – 15 балл, орта қапқа – 10, толық қап қаңылтыр банк жинағандарға – 10, батарейка сияқты қауіпті қалдықтардың әрбіріне 3 балл беріледі. Оны еріктілерден  тағайындалған комиссия есептейді. Бұл да акцияшыларды ынталандыру үшін ойластырылды. Жалпы, 1-2 тонна қоқыс жиналады деп болжаймыз», – дейді акция ұйымдастырушыларының бірі, экобелсенді Наурызбек Бермағамбетов.

Ерекше ынта-ықыласпен, көтеріңкі көңілмен «Тазалық ойындарына» кіріскен командалар берілген тапсырманы елгезектікпен орындады. Ортақ уақыт – 40 минут. Осы мерзімде олар Садчиков ауылына қарай жылжып, жол жиегін, орман ішін тазалауға тиіс. Сүт пісірім уақытта қаптарын толтырып келген командалар да болды. Солардың бірі – Затобол кентіндегі №3 гимназия командасы.

«Тобымызда алты адам бар. Экожарысты бірінші болып аяқтадық. Мұндай іс-шараларға жыл сайын қатысып жүргендіктен әбден тәжірибе жинақтаған да шығармыз. Еңбегімізді комиссия бағалай жатар. Жалпы, біз сенбілік атаулыдан қалмаймыз. Бұған дейін зират басын қоқыстан тазалауға атсалыстық. Ол жөнінен біздің ұжым белсенді», – дейді гимназияның техникалық қызметкері Зайда Шонова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тазалық ойындары» экологиялық сенбілігі екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Қатысушылар қатарының жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны байқалады. Акция жалғасын таба бермек.

Жалпы, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жобасы аясында 19 акция, 15 сайыс өткізілген. Соның нәтижесінде он тоннадан астам қоқыс-қалдық жиналыпты.

Толығырақ – газеттің алдағы санында.

Суреттерді түсірген – Жанель Құттыбай