«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Арқалық қаласында да қарқынды жүріп жатыр. Ілкімді істің айғағындай болып қала іргесіндегі «Нефтебаза» кентінен көп жылдардан бері қордаланып тау болып үйіліп жатқан ірі қоқыс үйіндісінің көзі жойылды.
Кент тұрғындары күнде көріп жүйкесін тоздырған сақалды қоқысқа 1 камазбен 1 погрузчик жұмылдырылып, нәтижесінде сал болып жатқан қоқыс үйіндісі көзден ғайып болды.
«Халықтың шығарған күл-қоқыстарын қаншама шығарып беріп жатырмыз. Бір қиыны, тазартып берген жерімізге көп уақыт өтпей қайта қоқыс жинайтын болады. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес, әрине. Мысалы, «Новый» кентінен де қаншама қоқыс шығардық. Тұрғындар қайтадан ол жерлерге қоқыс тастап жатыр. Сондықтан, қоршаған ортаны ластайтындарға аямай айыппұл салып, жазалау керек», – деп күйінеді «Камаз» жүк көлігінің жүргізушісі Марат Бірназаров.
Әріптесінің бұл сөзіне тиегіш техниканы тізгіндеген Болат Кенжеғалиұлы да қосылады.
Болат Жармағанбетов,
погрузчик жүргізушісі:
– Мынаның бәрі қоқыс. Бәлен жылдан бері тазармаған залалды дүниелер. Адам баласы тұрған жерін таза ұстауы қажет. Әйтпесе, мұның бәрі экологияны бүлдіру болып табылады.
Ғалия Қасымқызы,
Нефтебаза кентінің тұрғыны:
– Біз мұнда отағасы екеуміз ғана тұрамыз. Балалардың ойын алаңын шашып кете береді. Ойнайтын баламыз жоқ болса да көпшілік жер болғаннан кейін маңайын жинап, тазалауымызға тура келеді.
Міне, біздің шамамыздан келмейтін қоқысты тазартып беріп жатыр. Қала басшылығына ризашылығымызды жеткіземіз. Тұрғындарға айтарым, енді тазартып берген жерге қоқыс тастамайық. Балаларымызға айтып, өзіміз үлгі болайық. Көзімізге түскен қоқысты алып жүрейік.
Тазалық науқанына үн қосқан тұрғындарды ұйымдастыруда әрі ірі қоқыс көзінің жойылуына қала әкімі аппаратының поселкелік маманы Айман Таукенованың да еңбегі зор.
«Қала әкімі Әмірхан Біркенұлының басшылығымен кенттеріміздегі жылдар бойғы жинақталған қоқыстар жойылып, тұрғындардың игілігі үшін орны тазартылып, тегістеліп берілуде. Қала мекемелерінің көмегі зор. Осы іске арнайы техника бөліп, күш-көлікпен жәрдемдескен Арқалық жылу электр компаниясының басшысы Жасұлан Мәулетқалиұлына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Айман Қоңыртайқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы