Облыстың 5 өңірінде әкімдердің сайлауы өтіп жатқаны белгілі. Алтынсарин ауданы бойынша әкімдер сайлауына 3 кандидат тіркелген.
«Таңғы 7-ден сайлау учаскелерінде бақылаушылар мен сенімді тұлғалар еш қиындықсыз тіркеуден өтіп, жұмыстарын бастап кетті. Барлығы ережеге сай жабдықталған», – дейді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Айдана Сәрінжіп.
Щербаков ауылының тұрғыны Сергей Багнюк және Новониколаев ауылының тұрғыны Татьяна Вик алғашқы дауыс берушілердің қатарынан табылып, сыйлыққа ие болды. Өз таңдауларын жасап дауыс берді.
«Ауданымыз үшін тарихи күн деп айтуға болады. Әр сайлаушының дауысы маңызды. Сайланған басшымыз ауданымызды одан әрі гүлдендіреді деген сенімдеміз», – дейді Сергей Багнюк.
18 жасқа толған аудан тұрғыны Татьяна Вик алғаш рет сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, үміткерлерге дауыс берді. Жас сайлаушы дауыс беру кезіндегі алғашқы сезімін де жасырмады.
«Бүгін ауданымыздың болашағы үшін таңдау жасадым. Бұрын «біз қашан сайлауға қатысып, дауыс береді екенбіз» дейтінбіз. Қазір сол күнге жетіп отырмын. Қобалжығанымды жасырмаймын. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын», – дейді ол.
Дауыс беруден соң жас сайлаушыға сыйлық табысталды.
«Дауыс берушілер саны сағат сайын көбеюде. Ауданымыздың тарихында айрықша орын алатын сәтте аудан тұрғындары бей-жай қалмай дауыс беруге келеді деген сенімдеміз. Себебі, мұндай сәтте әркімнің дауысы маңызды», – дейді Айдана Сәрінжіп.
Әсел ҚИБАШ
Алтынсарин ауданы