Ономастика оңашалап айтатын салалардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар да нормативтік-құқықтық актілерге сай жүргізіліп келеді. Ілгерілеу мен жақсы нәтижелер бар. Атап айтқанда, биыл бір ауылдық округ, екі ауыл және сегіз көшенің атауы өзгерген.
«Б.Майлин ауданындағы Набережный ауылдық округі және Елизаветин ауылы бұдан былай Байшуақ деп аталатын болды. Арқалықтағы Жаңақала ауылына Әбдіғапар ханның есімі берілді. Мұның сыртында, төрт мектепке Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Бірімжанов, Спандияр Көбеев есімдерін беру туралы ұсыныс республикалық комиссия мақұлдауынан өтті. Қазір соның негізінде облыс әкімдігі қаулысы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Қостанай халықаралық әуежейына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгенін айта кету керек», – деді Қ.Атамұратов.
Басқарма басшысының айтуынша, аудан-қалаларда ономастика жұмыстарын бір жүйеге келтіру үшін «Атауларды рет-ретімен өзгерту алгоритмі» жасалған. Бүгінде заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне байланысты, республикалық және облыстық ономастика комиссияларының жұмысы уақытша тоқтатылған. Осыған сай, комиссия қарауына түскен 11 ұсыныс кейін талқыланатын болды. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Жданов ауылына Міржақып Дулатов, Тасты ауылына Кейкі батыр есімін беру, Жуков ауылын «Бірлік» деп өзгерту ұсыныстары бар. Қостанайдағы №28 мектепке ұлт ұстазы Ахаң есімін беру мәселесі де қаралмақ.
Жандос ЖҮСІПБЕК