Тасқын суға байланысты АҚШ-тағы ағайындар да көмек қолын созды

Тасқын суға байланысты АҚШ-тағы ағайындар да көмек қолын созды

Биылғы көктем жылдағыдан ерекше, тосын, төтенше жағдаймен басталды. Қар суы күрт еріп, оған тасқын су қосылып, халықты тығырыққа тіреді. Мыңдаған жан мал-мүлік, үй-жайынан айрылып бейбіт күнде еріксіз “босқынға” айналды.
Қостанай облысында тасқын су алдымен Арқалық қаласы іргесіндегі ауылдарға келе бастады, Жанкелдин ауданындағы Көлқамыс, Арқалық қаласына бағынышты Қызылжұлдыз, Екідің елді мекендерін су басып, аудан орталығы Амангелді кентіне қауіп төндірді. Көп өтпей Жангелдин ауданындағы бірнеше ауылға су кіріп, халқы эвакуацияланды. Үйсіз қалған тұрғындар Торғай кентіне жеткізілді.
Дәл осы сәтте алапат тасқынды бөгеу үшін қапшық, күрек сияқты заттар қат болатын. Көмек тез келеді деп күтіп отыратын жағдай емес еді, «Қостанай таңы» газетінің басшысы Кенжеш Оразғалиқызы ханым Торғай тумасы ретінде Амандық Әмірхамзинге: «жедел қимылдау керек» екенін жеткізді.
Амандық Қорғанұлы белгілі журналист Анар Төлеуханқызымен ақылдаса келе қаражат жинап, көмек қолын созу керек деген шешімге келді.
Амандық Әмірхамзин әлеуметтік желі арқылы өз оқырмандарына Торғай жұртына көмектесу керек екендігін жазды.
Оқырмандар ақпаратты бөлісіп, қолдау білдіріп, шама-шарқынша қаражат аудара бастады. Осы ретте, Әділдік Және Өркендеу қоғамдық қорының Түркістан облысы және Астана қаласы өкілдіктерінің басшылары Әдемау Толысбаева мен Ләззат Ахатовалардың еңбектерін атап өту ләзім. Фейсбук әлеуметтік желісінде танамыл журналист Дина Имамбайдың оқырманы Елдана Қаупынбаева Куигли бұл жайттан хабардар болып, кейін Амандық Қорғанұлымен байланысқа шықты.
АҚШ-тың Денвер қаласындағы қазақтар қауымдастығы, Құрама Штаттардағы өзбек, тәжік ағайындар мен орыс эмигранттары Торғай жұрты үшін 1000 доллар қаражат жинап берді, Құдай қаласа ол шотқа түсуі тиіс
Қиын сәтте “Әділдік және өркендеу” қоғамдық қорының белсенділері де қазақстандықтардың назарын Торғайға аударып, халықты жәрдем жасауға үгіттеді. Қордың Қостанай облысы бойынша өкілдігінің басшысы Амандық Әмірхамзин қаражат жинауды өз мойнына алды. Нәтижесінде, 500 000 мың теңге жиналып, ең қат деген заттарды, атап айтқанда қапшық, күрек, маңдайша фонаригі, т.с.с керек-жарақтарды “Қостанай таңы” газетімен бірлесе отырып, дер уақытында тарыққан жұртқа жеткізді. Газет басшысының орынбасары Аслан Қанғожин сол шаруалардың басы-қасында жүрді. Оның сыртында 200 000 теңге мектеп жасындағы балалардың тамағы, аяқ киіміне жұмсалып, газ баллондары сатып алынды. Тағы 200 000 теңге Торғай кентіне жіберіліп, азық-түлік, қапшық сияқты заттарға жұмсалды. Жәрдем тек бір аймақпен шектелген жоқ. Жиналған қаржыдан 200 000 теңге Атыраудағы ағайынға жіберілді.
“Әділдік және өркендеу” қоғамдық қорының қызметкерлері бір күндік жалақысын апаттан зардап шеккендерге аударды. Қордың Қостанай өкілдігі штатты режимде жұмыс істеді. Жағдаймен танысу үшін Торғай жеріне барып, ақпараттық қолдау көрсетті. Сондай-ақ қор белсендісі Марғұлан Бәкір ұйымдастырушылық шараларын атқарды. Қордың жекелеген өкілдері де өз тарапынан қомақты қаржы бөліп, апатты аймақтарға көмек ретінде аударды.
“Әділдік және өркендеу” өкілдеріне сенім артып, қаржылай көмегін ұсынғандар көп. Атап айтсақ, Алматыда тұрып жатқан Марат Молдахметов 157 мың теңге жіберді. Өзге де үлесін қосып жатқан жандар жетерлік. Ол қаржының бәрі тасқыннан малы қырылған шаруа қожалықтарына бағытталды.
Қазіргі таңда Қостанай облысының теріскей аудандарында қауіп күшейіп тұр. Облыс орталығында да жағдай күрделі. “Әділдік және өркендеу” өкілдігі қайырымдылық шараларын тоқтатпақ емес. Қостанай облысы бойынша Қор өкілдігінің басшысы атқарған жұмыстар мен жұмсалған қаражаттың есебі жеке парақшасында көрсетілген.
P. S. Мына видео тасқыннан кейін түсірілген. Тікұшақтан түсе сала ата-әжесіне жүгіріп барып, мойнына асылған балаға қарап жүрегің еріксіз елжірейді. Өткінші қиын та артта қалып, үй-жайын амалсыз тастап шыққан тұрғындар да тезірек қара орманына қайта оралып, қуанышта қауышса деп тілейміз! Абылай Мауданов парақшасынан!

Жаңалықтармен бөлісу