Тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетілді 

Тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетілді 

Арқалық қаласына қарасты ауыл және ауылдық округтерден су тасқыны кезінде эвакуацияланған тұрғындар жатар орын ыстық тамақпен қамтылып жатыр.

Су тасқыны кезінде өңірдің «Жалғызтал», «Қызылжұлдыз», «Қайыңды», «Екідің» ауылдары мен қыстақтарынан барлығы 194 адам тікұшақтардың көмегімен құтқарылып, қалаға жеткізілді. Зардап шеккендер үшін арнайы орындар бекітіліп, қажетті жағдайлар әзірленген. Алайда, ауылдан жеткізілген тұрғындардың басым бөлігі қаладағы туыс-туғандарының үйлеріне тарап кетті.

Қала жастарынан құралған еріктілер көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру, жатын жай, киім – кешекпен қамту сынды жұмыстарға қолғабыс жасалып жатыр», – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Дархан Амантайұлы.

Бүгінде су тасқынынан зардап шеккендер үшін әзірленген қаладағы Арқалық политехникалық колледжінің жатақханасында 29 адам орналасқан. Олар төсек-орынмен, ыстық тамақпен қамтылған.

«Бес баламмен бірге күйеуім екеуміз осында тұрып жатырмыз. Табан астында баратын жеріміз болмады. Билік өкілдері келіп, жағдайымызды біліп, мейлінше көмектесіп жатыр. Киім-кешек те берілді. Қиын шақта паналатып, жағдайымызбен санасқандары үшін алғысымызды білдіреміз», – дейді Жалғызтал ауылының тұрғыны Мәдина Серікқызы.

Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Тікұшақтар су тасқынының қаупі сейілгенше Арқалық қаласында болады.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

Арқалық қаласы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу