Көктемгі су тасқыны кезінде Арқалық қаласына қарасты «Қызылжұлдыз» ауылының аумағында орналасқан «Сәдман», «Боқы», «Қонай-1», «Қонай-2» және «Шегет» шаруа қожалықтарын су басып, қатты зардап шекті.
Апаттың салдарынан шаруа ағайындардың үйлеріне су кіріп, үй-жай, қора-қопсылары су астында қалған еді.
Су тасқыны кезінде ол ауылдың 30 үйін су басып, 185 адам эвакуацияланды. Барлығы да қауіпті жағдайдан құтқарылып, тікұшақпен аман-сау қала орталығына жеткізілді.
“Құтқарылған ауылдастарымыздың біразы қаладағы туыстарының үйіне барып, біраз бөлігі жатақханаға орналастырылды. Жатақханада уақытша тұрып жатқан тұрғындарымыздың тамақ басқа да қажеттіліктеріне қала әкімдігі жәрдем – көмектерін беріп жатыр. Еріктілер де келіп дер шағында көмектесті. Мектепте оқитын оқушыларымыз шұғыл түрде киім-кешек, оқу құралдарымен қамтылып, сабақтарын үзбей жалғастырды. Мұғалімдеріміз бен мектептің жұмысшылары да уақытылы жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда ауылымыздың тағдыры мемлекеттік деңгейде қаралып жатыр. Үкімет басшысының орынбасары келіп, ауылдастарымызбен арнайы кездесу өткізіп, барлық сұрақтарымызға назарына алып кетті. Келген шығынның бәрі есептелетін болады”, – дейді Қайыңды ауылдық округінің әкімі Берік Ғабдуллин.
Осы ретте ауыл тұрғындары төтенше жағдай кезінде жедел көмектерін беріп жатқан ел азаматтары мен Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлына алғыс білдіреді.
Бүгінде «Қайырымдылық КZ» қоры арқылы «Қызылжұлдыз» елді мекенінен эвокуацияланған 185 адамның әрқайсына 100 мың теңгеден бір реттік төлем жасалды. Аталған ауылдың тұрғындарына барлық төленген алғашқы көмектік қаражат 18 млн 500 мың теңгені құрайды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы