Тасқын судан зардап шеккен мүлікті техникалық тексеру басталды

Тасқын судан зардап шеккен мүлікті техникалық тексеру басталды

Материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі арнайы комиссия өз жұмысын 8 сәуірден бастады.

Бүгінде әлеуметтік көмек алу үшін 813 адам, ал материалдық залалды өтеу үшін 544 адам өтініш білдірді. Зардап шеккен 30 адамға 7,7 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді.

Материалдық залал шеккен азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға, яғни қала әкімдігіне (Пушкин 98, 107 кабинет сағат 09-00-ден 18-30-ға дейін, түскі үзіліссіз) зиянды өтеу туралы өтініш беруі тиіс. Бұл ретте жеке куәліктің көшірмесін және жеке шоттың нөмірін, сондай-ақ барлық құқық белгілейтін құжаттарды немесе су тасқынынан зардап шеккен мүлікке иелік етуді растайтын басқа да құжаттарды қоса беру қажет.

Бір реттік әлеуметтік көмекке өтінішті egov.kz арқылы да беруге болады немесе Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласыңыз (Қасымханова 36, 2 кабинет 09-00-ден 17-30 сағатқа дейін түскі үзіліссіз).

Мүлкі Қостанай ауданының аумағында орналасқан, бірақ Қостанай қаласында тіркеуі бар азаматтар әлеуметтік көмек алуға өтінішті тек тіркелген жері бойынша, яғни қала әкімдігіне бере алады, бұл ретте материалдық залалды өтеуге өтініш Қостанай ауданының әкімдігіне, яғни мүліктің орналасқан жері бойынша берілуі қажет.

Айта кету керек, өтініштер тек меншік иелерінен немесе заңды өкілдерден қабылданады.

12 сәуірден бастап мамандандырылған тәуелсіз ұйымдар берілген өтініштерге сәйкес зардап шеккен мүлікті техникалық тексеруді бастады. Комиссия мүшелері құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын тексеру бойынша жұмыс жүргізуде. Техникалық тексеру туралы қорытынды алғаннан кейін комиссия мүшелері мүлікті сол жерге барып бағалауды жүргізе бастайды.

Жаңалықтармен бөлісу