Тасқын судан зардап шеккен Есір ауылының тұрғындары баспаналы болды

Тасқын судан зардап шеккен Есір ауылының тұрғындары баспаналы болды

Аманкелді ауданында су тасқынынан зардап шеккен жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғасуда. Аманкелді ауданына қарасты Есір ауылының тұрғындары Мұқанов Сайранбай және Құлахметов Оразхандардың отбасы баспаналы болды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сүндет Ғаниев оларға кілтті салтанатты түрде табыс етті. Ауыл тұрғындары жанұяларды құттықтап, қоныстарына жылулық пен жайлылық тіледі.

Ауыл тұрғыны Нағима апа шашу шашып, “осындай қиындық енді болмасын!” деп лебізін білдірді. Жаңа қоныс иелеріне тұрмыс жабдықтары табыс етілді.

Көктемде олардың баспаналарын су шайып, техникалық сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Енді тұрғындар барлық коммуникациясы тартылған, аумағы 80 шаршы метр болатын жаңа баспанаға көшті. Оған қоса, жер учаскесі де берілді.

Табиғи апаттан зардап шеккен адамдарға қамқорлық жасау қазіргі уақыттағы басым міндет. Бұл туралы әкімнің міндетін атқарушы Сүндет Ғаниев айтып өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында азаматтарға жаңа тұрғын үй беру жалғасып жатыр. Алдағы аптада Қарасу ауылында 2 үй, Аманкелді орталығында 18 үй және Байғабыл, Ағаштыкөл ауылдарындағы баспаналар берілді деп отыр.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу