Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген ауқымды сұқбатымен танысып шықтым. Мемлекетіміздің сыртқы саясатына қатысты, сондай-ақ ел ішіндегі көптеген келелі мәселелер турасында ашып айтқаны өте ұнады. Көптің көкейінде жүрген біраз сауалдарға тұшымды жауап алдық деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың өткен тарихымызды түгендеп, ұлттық рухымызды көтеретін жыл болатынын баса айтты.
Тарихшылардың есебінше, ұлу жылы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толады. Қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалауға негіз болған ұлыстың тарихына терең зерттеулер қолға алынып, Президент тапсырмасымен әзірленген Қазақстан тарихының көптомдығы жарық көреді. Бұл ауқымды зерттеуге 200-ден аса жергілікті, 60-тан аса шетелдік маман атсалысып жатқан тыңғылықты, әрі үлкен жұмыс екенін атап өтті.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қазақ жерінде өтуі де ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы Даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтетініне сеніміміз мол.
Бұған қоса, Президент ұлттық бірегейлікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін қазақтың төл жаңа жылы Әз Наурызды ерекшелеп, мазмұнын байытып, жаңаша атап өтуді ұсынды.
Нұржан Ермағамбетов,
«Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ төрағасы.