1 Сәуір, 2025
Тарихшы салған даңғыл жол

Тарихшы салған даңғыл жол

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Аманжол Күзембайұлының ғибратты ғұмыры ғылыми ізденістермен қатар тосынсыйларға толы болды. Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылының баласын Майлыағаш жеті жылдық мектебінің қабырғасында жүріп-ақ қоғамдағы көп жай толғандыра бастағанын білесіз бе?!

«Жасымнан айналысып келе жатқаным – осы Қазақстан тарихы. Мектепте жүргенде аңыздарды қызығып оқушы едік. Терең бойлауға ол кезде оқулық та, кітаптарда болған жоқ. Университетке түскеннен кейін антропологиямен айналыса бастадым. Сөйтіп жүргенде 1969 жылы Ілис Есенберлиннің кітабы шықты. Осы кітап менің өмірімді түбегейлі өзгертті», – дейді Аманжол Күзембайұлы.

Осылай архиологияны да, антропологияны да тастап, қазақтың азаматтық тарихын зерттеуге, әсіресе ХVIII-XIX ғасырдың тарихын зерттеуге көшті. Содан бері бес жүзден астам еңбек жазды. 52 кітаптың авторы атанды.

««Адамды адам ететін еңбек» дейді. Бірақ адамды адам ететін оның санасы деп айтар едім. Саналы ұрпақ тек қана өзінің тарихын білгенде ғана саналы болып өседі. Сананың негізгі формасы – ұлттық сана. Бойыңда ол болмаса космолполит боласың. Ұрпаққа саналы тәрбие беру үшін тарихты жақсы оқыту керек. Осы күні оқытылып жатқан бағдарламаға менің көңілім толмайды. Қазіргі бағдарлама жаттау мен тестке құрылған. Ол балалардың санасын тарихқа деген қызығушылыққа  оятпайды. Ғылымды  мезі қылатын құбылысқа айналып бара жатыр», – деп облыстық тарихи өлкетану музейіндегі 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған кездесу кешінде айтып берді.

Қостанайдағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектебін бітіріп шыққан Аманжол Күзембайұлы 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында қазақ тарихы, археологиясы, этнографиясы, антропологиясы салаларынан арнаулы білім алып, Ілекеңнің жалғыз еңбегі бар ғұмырын Қазақстан тарихы ғылымына арнауына осылайша себеп болды.

Жас маман оқу орнын аяқтағаннан кейін1969 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының жалпы тарих кафедрасына қызметке орналасады. Ерте дүние тарихынан сабақ береді. Институт пен қаланың қоғамдық өміріне белсене араласады.1971 жылы Аманжол Күзембайұлы аспирантураға оқуға түседі. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Ғылыми кеңесте тарих ғылымының докторы, профессор Әмір Қанапиннің ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

«Аманжол Күзембайұлының алыс-жақын шетелдердегі жарияланымдарын қосқанда 500-ге жуық тарихи-танымдық, əдістемелік, ғылыми мақалалары, оның ішінде 50-ден астам кітап, монография, оқу құралдары бар. Бізге керек Қазақстан тарихы оқулықтарын жазды. Он рет басылып шығып, осы оқулықпен студенттер қауымы білім алды. Қостанай өңірінің жер-су аттарына байланысты бес томдық еңбек жазды. Ол әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда  ономастика мәселесін көтерді. Сол кісінің жазған еңбектері арқылы  жер-су атаулары қайтарылған кезде сол атауларды алуға болады. Керейлер шежіресін құрастырды. Сібір териториясын қазақтың жері екенін дәледеді. Алдымен баспасөзде көтерді. Кейін одан іргелі еңбек шығарды. Сол кезде оқырмандарға «Казахский Сибир» еңбегін жазып, кейін үлкен еңбекке айналдырды. Аманжол Күзембайұлы студенттерге білім берумен қатар өз білімін де жетілдіріп келеді. Ізденімпаздығы мен біліктілігі, еңбекқорлығы, тəжірибесінің молдығының арқасында 2006 жəне 2015 жылдары екі мəрте республикамыздың жоғары оқу орындары бойынша «Үздік оқытушы» грантының иегері атанды», – дейді шәкірті Рауан Байдалы.

Болмысында талапшыл, сапаға мән беретін қасиеттерін әріптесі тарих ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Өтеген Исенов те ерекше атап өтті.

«Ұстазымыздың ғылыми жұмысқа талабы жоғары. Шәкірттері талабына көніп, сапалы жұмыстар шығаруға тырысып келеді. Бір тақырыпты қозғаса кеңейтіп монография, оқулыққа айналдыруға аса шебер», – дейді Өтеген Исенов.

Тарихшы, ғалым Айбек Батырханұлы ұстазының ел тарихын тәуелсіздік алған тұста оқулықтарға енгізуге қосқан үлесін әңгімелеп берді.

«Ғылым мектептен басталады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары білім ордаларында Қазақстан тарихын тереңдетіп оқытуға тапсырма берілді. Арнайы оқулықтар мен бағдарлама әзірлеу жұмыстарымен қазақтарды мұғалімдердің білікті арттыру мекемесіне жинағаны есімде. Сонда алғашқы оқулық ретінде  осы кісінің кітабы ұсынылды.  Бірінші данасы әлі күнге дейін қолымда бар», – деп көрсетті Айбек Батырханұлы.

Бүгінде сексенге толатын ғалымның бұл еңбектері дер кезінде өз бағасын алып үлгерді.1987 жылы А.Күзембайұлы өзінің тарих ғылымына қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» атанды. 2009 жылы «Ғылымдағы ерен еңбегі үшін», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен, білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы алтын медальмен марапатталды. 2015 жылы Меңдіқара ауданының құрметті азаматы атанды.

Аманжол Күзембайұлы кандидаттық жəне докторлық ғылыми дəрежені қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі болып, ғалым-тарихшылар дайындау ісіне атсалысты. Тəлімгер ұстаз жас ғалымдарға жол сілтеп, оларға əліде қамқорлық жасауда.

Кейінгі жылдары деректанумен өлке тарихын зерттеуге көңіл бөліп келеді. Тобыл-Торғай өңіріндегі жер-су атауларының шығу төркінін қарастырған бес томдық еңбектің авторларының бірі болды. Ұлттық тарих теориясының негізін қалаушылардың бірі ретінде тарихи таным процесі, тарихи уақыт пен тарихи кеңістік мəселелерін зерттеді. «Тарих теориясы жəне тарих əдіснамасы» атты оқулық жазды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ұлы Еркін Əбілмен бірлесіп жазған «Қазастан тарихы» оқулығы он мəрте басылып шыққанын айттық. Қазақстанның жоғары оқу орындарында осы оқулықты күні бүгінге дейін пайдаланып жүр.

Кездесу кешінде ән-күйден шашу шашылды. туған жері Меңдіқарадан сазгер Бақытжан Сәуекенов арнайы келіп, мерейтой иесіне ән арнады.

 «Меңдіқара небір тұлғаларды шығарған өңір. Осындай өңірден келіп, Меңдіқара туралы бірауыз айтпай кетемін», – деп “Меңдіқара” әнін шырқады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген– Жансая Сәбитбек

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу