Жұртымыз биылғы 19 наурызды тарихи күнге теңгерсе, бәлкім, артықтығы бола қоймас. Өзіміз соңын көріп қалған Кеңес Одағы кезінде ауылдан бастап, аудандық, облыстық кеңестерге және республика, одақ жоғары кеңестеріне депутаттар сайлау анау-мынау театр қойылымдарынан кем соқпас еді. Сайлаушылардың барлығы әндетіп, сырнайлатып бюллетеньді жәшікке тастағанын ғана білетін. Бәрі жақсы, бәрі лайықты көрінетін. «Мынауың қалай?» деп біреу бір нәрсе айтып көрсін, жүрегінің түгі болса да, төбесінен бір нұқығанда басын енді көтерместей ететін. Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бергі отыз жыл ішінде өткен сайлаулардың қайсысы болса да, сол баяғы соқпағынан алыс кеткен жоқ. Әлемдік саяси сахнаға шыққанына отыз жыл болар-болмастан, елдің кемесі қайырлап, экономикалық әрі саяси тұрғыдан тоқырауына демократияның тұсалғаны басты себеп екенін уақыт көрсетті. Тоқыраудың соңы әдетте жарға барып ұрады. Өткен жылғы қаңтар оқиғасы да соның кебі екенін уақыт тағы да бетімізге басты.
Қаңтардан кейін, наурыздың 16-да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы қоғамға жаңа леп әкелді.Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі қалыптасқан жағдайды айта келе: «Мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз» деген еді. Сол Жолдауда мемлекет басшысы қоғамда алдымен саяси реформаларды басты орынға қойды. Елді басқару ісінде Президент өкілеттігін азайту мен оның партияға мүшелігін тоқтатуы, бұрынғы «Нұр Отан» сияқты «жетекші», билік партиясы емес, барлық партиялардың теңдігі олардың арасында саяси бәсекені арттырып, барлығының бірдей дамуына жағдай жасайтындығы айтылды. Көп уақыт өтпей-ақ бұл реформаның тиімділігі ғана емес, дұрыстығын осы сайлау көрсетті. Партиялар қатары көбейді.
Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан басты өзгешелігі пропорционалды-мажоритарлық үлгіде өтуі, сонымен қатар онда сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табуы еді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 проценті пропорционалдық, 30 проценті мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Соған орай білімді, білікті азаматтардың осы саяси додаға өзін өзі ұсынуына мүмкіндік туды.
Сайлауалды насихат мерзімі өте бәсекелі, тартысты, сонысымен қызықты өтті. Бұдан бұрынғы Президент сайлауы немесе Парламент сайлауы болсын, ешқайсысында дәл осы жолғы саяси додадағы айтыстар мен тартыстар болған жоқ еді. Саяси бәсеке болмаған соң, елдің, мемлекеттің дамуын тежейтін қоғамдағы кедергілер туралы жақ ашпайтын. Ал осы жолы депутаттыққа үміткерлер арасындағы дебаттарда қоғамды жайлап отырған, бұрын жауырды жаба тоқып келген келеңсіздіктер ашық айтылды. Үміткерлер насихат жұмыстары үшін заманауи мүмкіндіктерді, интернет, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, сайлаушылармен тікелей байланысқа шықты. Саяси бәсекелестер арасындағы дебатта үміткерлердің білім қарымы, мәдениеті, елдің болашағын ойлайтын ұлтжандылығы – барлығы сайлаушылардың көз алдында жарқырап көрінді. Сайлауалды насихат мерзіміндегі насихат жұмыстарының демократиялық түрде ашық өтуі сайлаушылардың да көзін ашты, азаматтық қоғамды оятты. Экономикадағы түйткілдер мен әлеуметтік сала көшінің түзелмей отырғаны заңдардың шикілігінде, көптеген заңнамалар толықтырулар мен түзетулерді керек етеді. Ол үшін Мәжілісте сауатты экономистер мен заңгерлер, білікті мамандар отыруы тиіс. Жұрт сайлаудың түп мәнісі осыған қол жеткізу екенін түсінгендей.
Саясатшылар мен саяси ғылымдар білгірлері сайлау дұрыс, әділ өтпей, қоғамда демократия орнықпайтынын, демократиясыз мемлекеттің жүгі ауа беретінін айтады. Ал бұл мәселені Алаш қайраткерлері осыдан бір ғасыр бұрын-ақ көтерген еді. Қазақтың бір әулиесі Ахмет Байтұрсынұлы сайлаудың әділ өтуі сайлаушыларға көп байланысты екенін ескерткен. «Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр… Халықтың пайдасы, зарары қаралмай, «мынау туған-тұқымдасым я құда-құрмаласым» деп, яки «мынауанадан пәлен сомын артық беріп тұр ғой» деп сайланса, ол –сайлау емес, құр талас я сауда» деп ұлт ұстазы жазғандай, бұл сайлаудың дауысы дұрыс саналып, қорытындысы сұйылып кетпесе, еліміздегі демократияның бір қадамы болады деп есептейміз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА