Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Альмира Жансүгірованың атынан Whatsapp мессенджері арқылы бөгде нөмірден таныстарынан алаяқтар ақша сұрап жазған.
“Мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Әлеуметтік желілерге ақпарат бөлісеміз, кейде пікірімізді жазамыз. Шамасы алаяқтар сол арқылы белсенді екенімді аңғарып қалған. Ақпаратпен бірге фотосуреттерімді жүктейтінім де жасырын емес. Суретімді жүктеп алып, белгісіз нөмірге қойып, таныстарымнан ақша сұраған. Қаржы көлемі әртүрлі, біреуінен 200 мың теңге сұраған. Танысым, алаяқтық екенін сезіп, маған хабарласып, алдын алдық. Сосын мен барлық әлеуметтік желідегі парақшаларыма хабарландыру бердім. Басқа қолдан келер шара жоқ. Полиция қызметкерлері де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзім де колледж студенттеріне барынша сақ болуды айтамын. Алданып, ақша аударған жағдай болған жоқ. Дер кезінде хабардар болып, сұмдықтың алдын алдық”, – дейді Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Альмира Жансугурова.
Құзырлы орган өкілдері де елімізде интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертті. Көп жағдайда несие рәсімдеу, қаржыны “қауіпсіз” шотқа аудару туралы сипатта болатынын растап отыр. Прокуратура банк деректерін бөтен адамға, тіпті құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бермеу керек деп ескертеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ