Бұдан былай кәсіпкер тұлғалар кез келген көрнекіліктерді жергілікті атқарушы органға хабарлау арқылы ғана тиесілі нысанына іле алатын болады. Елімізде мемлекеттік тіл туралы заңға осындай өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр.
Кәсіпкерлер тарапынан «Тіл туралы»,«Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарыни қорғау туралы» заңдар талаптарының сақтала бермейтіні байқалды. Мұның сыртында қалай болса солай жазылған жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндері жиі көзге түсті. Жалпы жарнама, көрнекі ақпараттың берілуінде бірізділік жоқ. Олардың бірі латын қарпімен жазылса, енді бірі кирилицамен берілген.
Кейбір көрнекі ақпараттардың аудармалары дұрыс емес. Атаулардың қазақ тіліндегі нұсқасы нысандар маңдайшаларында, сыртқы жарнамаларында, көрнекі ақпараттарында орыс тілінен кейін жазылған.
Осы олқылықтардың алдын-алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының талаптарын түсіндіру және көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру мақсатын көздейтін өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Қоғамдық келісім» мекемесімен «Ақсақалдар кеңесі» Мәдениет басқармасымен бірлесе халыққа қызмет көрсетету орындарына барып ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның кәсіпкерлік саласында қолданыс аясын кеңейту, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін орналастыру туралы заңнама талаптары түсіндірілді».
«Мемлекетіміз адамды басты капиталы санап, әрқашан құқығын қорғауды бірінші орынға қойып келе жатыр. Халыққа қызмет көрсетілетін ортада мейманға аса құрмет көрсетіліп, қай тілде жауап алғысы келсе, сол тілде жауап берілу қажет.Бұл норма «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын құрғау туралы» Заңдарында бекітілген. Жуырда 2025 жылдың 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тіл туралы және басқа да заңдарға ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді”, – деді облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағамбетов Қостанайдағы “Тұмар” мейрамханасының өкілдеріне.
Сол өзгерістердің бірі маңдайшаларға қатысты. Бұрын кез келген жеке және заңды тұлғалар маңдайшаларды өз қалауы бойынша ілетұғын. Сонда көптегн грамматикалық, стилистикалық қателіктерге жол берілгені баршамызға мәлім. Заң 14 наурызда күшіне енгеннен кейін кез келген субъект маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаның, эскизін қоса беріп жергілікті әкімдікке 5 жұмыс күні бұрын хабарлама жібереді. Жергілікті атқарушы органдар жазбаша уәжді ескертулер беруге құқылы. Ескертулер берілген жағдайда нысан иесі сол ескертуге сай өзгеріс жасауға міндетті болады. Қазіргі таңда орталық атқарушы органдармен осы қызметтін стандарттары әзірленуде.
Бөлім басшысының айтуынша, хабарды алған тиісті мекеме бес жұмыс күнінің ішінде мақұлдап немесе ескертулерін беріп үлгеруі керек. Ұсыныс түскен жағдайда нысан иесі сол ескертуге сай өзгеріс жасауға міндетті.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мекеменің тапсырыс беру үлгісі, келушілермен есеп айырысу қағазы, хабарландырулар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде басқа тiлдерде де орналастырылады. Әр мейман қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілінде ақпаратты талап етуге құқылы”, – деді маман.
«Тұмар» мейрамханасында бұл талаптардың бәрі сақталған. Келушілерге аса ізет көрсетіледі. Ас мәзірі мен өзге де қызметке қатысты екі тілде мәлімет беріледі. Осы қызметтердің басы-қасында жүрген Екатерина Борисовская қазақ тілінің маманы. Өз жұмысын аудармашылықтан бастаған маман – қазір директордың орынбасары.
«Өзім Торғайдың тумасымын. Осыдан жиырма жыл бұрын университет қабырғасынан аудармашы мамандығын алып шықтым. Бизнес саласында жүрсем де әуелгі кәсібімнен қол үзбедім», – деп әзілдейді Екатерина Борисовская.
Қала шетіндегі авто бекетті қазір танымайсың. Нысан іші жағалай сауда орындарына жалға беріліпті. Барлығы дерлік тілдік норманы сақтап отырғанға ұқсайды.
Жарты жолдан өтіп, жолаушыларға арналған орынды көргенде, Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы Қалқаман Жақып:
«Баяғы авто бекет аман екен ғой», – деп шүкіршілік еткен.
Алайда кіре берісіндегі тілдік норманың бұзылғанын байқап, пікірі бірден өзгерді.
«Қалқам, мына олқылықты айналаңа ескерткенің абзал. Мәселені заң аясында шешсең ұтасың, ағайын айттыға көшсең тұтыласың. Одан биік пәрмен жоқ, жарнамаларды орысша сайрата берсек дәрмен жоқ», – деп авто бекет басшысына жөнін білдірді.
Себебі авто бекет жаққа өткенде орыс тілінде жазылған мәліметтерді бірыңғай дара кездестіруге болады.
Осы кемшіліктерді жоюға уәде берген басшылық айналасындағы сауда нүктелерінен үлгі алса дейсің. Еліміздегі барша азаматтарға заң бірдей, талап ортақ, зайырлы қазақ қоғамындағы азаматтар үшін бәрінен де намыс қымбат.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Балауса Жүніс