Өңірде “Заңсыз келімсек-таксист” жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Мақсаты – шетелдік жүргізушілердің жолаушыларды тасымалдау саласындағы құқық бұзушылықтарын анықтау.
Шара барысында полиция 68 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 42-сі көші-қон заңнамасын белден басқан. Ал 26-сы шетелдік азаматтардың жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болып отыр.
“Осындай жағдайлардың бірі 20 желтоқсанда Лисаков қаласында тіркелді. Полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігімен “Индрайвер” қосымшасы арқылы, жолаушы тасымалдауға рұқсаты болмаса да, адамдарды тасымалдаумен айналысқан 40 жастағы көршілес ел азаматын тоқтатты. Құқық бұзушының үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды”, – делінеді облыстық ПД хабарламасында.
Полиция такси жүргізушісі ретінде рұқсатсыз жұмыс істеу – жауапкершілікті талап ететін заңды бұзу екенін еске салады. Өңірде осындай заңсыздықтарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды заңсыз тасымалдау жағдайлары туралы хабарлауға шақырады.