Алаштың айтулы азаматтары, алып тұлғалы үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтың ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Оларды неліктен бәйтерекке теңеген? Өйткені, үш тұлға да қазағының руханиятына сая бола білген арыстар.
Биыл үш арыстың туғанына 130 жыл толып отыр. Үшеуі де сонау зұлмат дәуірде, 1938 жылы қандыгөз саясаттың құрбандары болды. Үшеуінің де көксеген арманы, көздеген мақсаты да бір еді. Тағдырлас, мүдделес, замандас тұлғалардың қалдырған ізі мәңгі өшпестей. Әрқайсының қазақ әдебиеті тарихында алар орны айрықша.
С.Сейфуллин «Аққудың айрылуы», «Ақсақ киік», «Көкшетау» сияқты кесек туындыларын қалдырды. Сұлу, кербездігімен өзгелерден ерекшеленген соң ба, ел арасында «Сәкеннің сәнін берсін» деген тілек те бар. Ол бүгінгі Жазушылар Одағының негізін қалаушылардың бірі еді.
Ал жерлесіміз, қазақ әңгімесінің хас шебері Биағаңның әдебиеттегі жиынтық образы – Мыр- қымбайын айтсақ та біраз дүниені аңғарасыз. Сол кейіпкер арқылы ол дәуірдің шындығын, қазақ кедейлерінің болмысын, қоғамның өзгерісін дәл бере білген.
Б.Майлин прозада, поэзияда және драматургияда бірдей өнімді еңбек ете білген қаламгер. Ащы мысқылды туындыларында сол кезеңдегі халқының жағдайын шебер суреттеп, ерекше стиль қалыптастырған.
Қазақ Ілияс Жансүгіровті «поэзия құлагері» атап кеткен. «Құлагер», «Әнші», «Күйші», «Күй», «Домбыра» атты шығармаларын жастайымыздан оқып өстік. Поэмаларын әдебиетшілер қазақ поэзиясының інжу-маржаны деп бағалаған. Тілі жеңіл, көркемдігімен бірге қарапайымдылығы да айқын көрініп тұрады. Шығармашылығынан сусындаған оқырманның ойына ой қосыларына сенемін.
Саяси қуғын-сүргін
көріп, ату жазасына кесілген арыстарымызды өлді деп айта алмас едім. Олардың қалдырған мұрасы – өлшеусіз байлық. Біз – олардың ұрпағымыз. Оқушыларға да осыны айтып жүремін.
Алмагүл НҰРҒАЛИ,
№30 ЖББМ мұғалімі
Қостанай қаласы