“Таған” театры Сарыкөл сахнасында өнер көрсетті

“Таған” театры Сарыкөл сахнасында өнер көрсетті

Сарыкөл ауданына  облыста былтыр ашылған «ТАҒАН» театры іссапармен келіп, белгілі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Ахмет, Әлихан» қойылымын қойды.Онда Алаш тарихы, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның  бейнесі қатар сомдалды. Ақаңның абақтыдағы азапты өмірі, туған жерге, сүйген жарға деген іңкәр сезімі,  жер тұтастығын сақтап қалу жолында Ленинмен кездесуі, ұлт көсемі Әлиханға деген құрметі, екеуінің ерлік күресі бейнеленді.

-Әріптесім, актер Асылан Кенжетай екеуміз біраз жылдан бері театр ашуды ойлап жүрдік. Оның сәті өткен жылдың аяғында түркі әлемінің ортақ ұстазы, ғалым, Алаш рухының көшбасшысы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай түсті. Осылайша  «Таған» театрын құрып,  оның алғашқы шымылдығын осы спектакльмен аштық. Оны ұстазымыз, белгілі драматург Ерсайын Төлеубайға арнайы жаздырттық. Енді міне, аудандарды аралып,  Алаш мұраты үшін басын ажалға тіккен ұлы қайраткерлердің өмір жолын, асыл мұрасын насихаттап жүрген жайымыз бар, – дейді   «Таған» театрының негізін қалаушылардың бірі, актер Төленді Әлғожин.

Қойылым аяқталған соң, аудан әкімі Амантай Балғарин  өнер ұжымын құттықтап, алғысын айтып, сый-сыяпат жасады.  Сонымен қатар, Златоуст ауылынан келген ақсақал Қорғанбек Ғабдуллов ақ батасын берді.

-Қостанайдан арнайы келіп, тегін өнер көрсетіп жатқан «Таған» театрына, Сіздерге зор алғысымды айтамын! Бүгін Сарыкөл жұртшылығы  қазақ өнерінің иісін сезіп, бір рухани серпіліп қалды. Өңір руханиятына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер! Шығармашылық шабыт, қарқынды даму тілеймін! – деді өз сөзінде Амантай Кәкімбекұлы.

Жалпы, «Ахмет, Әлихан» спектаклінің сарыкөлдіктерге ерекше әсер еткені сондай, театр тарландарының өнеріне тік тұрып қошемет көрсетті.

-Қазіргідей  компьютер мен ұялы байланыс құралдары көбейе бастағалы адам психологиясына әсер ететіні белгілі. Қанша рет смартфондардан көргеніңмен, сахнадан көзбе-көз қарап, актерлардың эмоциясымен жеткізген әсерге жетпейді. Театр кез келген жанды адамгершілікке, тазалыққа шақырады. Бойыңдағы мініңді көзіңе көрсетеді. Дұрыс жолдан адаспауға жөн сілтейді. Оның артықшылығы да осында. Бүгін рухани азық алып, бір серпіліп қалдым. Қойған қойылымының мән-мағынасы өзектен өтіп, жүрекке жетті. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханның тіл тағдыры ел тағдыры үшін күрескен еңбегін сомдаған әртістерге риза болдым. Әсіресе, Нұрлан Байшинниң жағымсыз кейіпкердің рөлінде нақышына келтіре ойнауы керемет болды. Бұл спектакльден ұққаным тілі, діні, ділі үшін намысты қолдан бермейтін рухы биік ұрпақты тәрбиелеуге насихаттау деп білемін.«Таған» театрының ұжымына, жас та болса маңдай терін төгіп, шеберліктің үлгісін көрсеткен өз існің майталмандарына мың алғыс, – дейді сарыкөлдік көрермен, өнер жанашыры Маржанкүл Тайжанова.

Айта кету керек, осы “ТАҒАН” театрының мүшесі, талантты актер Нұрлан Байшин бүгінде аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқаруда. Келгені кеше ғана болса да “Руханият” халық театрын ашып, аудан санасында қойылым көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгірді.

Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу