Тәуелсіздікпен түлеген тағдырлар

Тәуелсіздікпен түлеген тағдырлар

Егемендіктің елең-алаң шағында, бір жылда туып қана қоймай, тағдыр жолдары түйіскен жандар бар. Тәуелсіздік құрдастары, Амангелді ауданында тұратын ерлі-зайыпты Жандарбек-Данагүл Молдашевтар — сондай жұптардың бірі. Екеуі де білім саласында қызмет етеді. Жақынырақ танысу үшін Данагүлді сұхбатқа тарттық.

 

—Данагүл Бауыржанқызы, алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз.
-Мен, Молдашева Данагүл Бауыржанқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Жолдасым Молдашев Жандарбек Ғалымбекұлы — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екеуіміз де Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте қызмет етеміз.

—Өмірлік серігіңізбен таныстығыңыз да ерекше екен…
-Иә, жолдасым екеуіміз 1-сыныптан бастап, 11 жыл бойы бірге оқыдық. Кейін тағдыр жолымызды қайта тоғыстырып, бүгінде бір ұжымда, бір мақсат жолында еңбек етіп келеміз. Биыл шаңырақ көтергенімізге 10 жыл толды.

blank

—Бәрекелді, құттықтаймыз! Ендеше отбасыңыз туралы аз-кем айта кетсеңіз.
-Қазір үш баламыз бар. Қызымыз — Раяна, ұлдарымыз — Бек пен Арша. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Үлкендердің батасын алып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымызға шүкір дейміз.

blank

—Екеуіңіз де Тәуелсіздікпен құрдассыздар. Бұл сіздер үшін нені білдіреді?
-Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш. Біз елімізбен бірге есейдік, бірге қалыптастық. Тәуелсіздік жылдары бізге білім алуға, өз мамандығымызды таңдауға, елге қызмет етуге мүмкіндік берді. Сондықтан өзімізді тәуелсіз елдің перзенті ғана емес, оның болашағына жауапты азаматтар ретінде сезінеміз.

— Ұстаздық жолды таңдауыңызға Тәуелсіздік әсер етті ме?
— Әрине. Егемен елге ең алдымен білімді, саналы ұрпақ керек. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере отырып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықты, ана тіліне деген құрметті сіңіруге тырысамын. Ал жолдасым дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, салауатты өмір салтын насихаттайды. Бұл — екеуміздің де елге қосқан ортақ үлесіміз деп білеміз.

—Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?
-Әрине, оңай емес. Бірақ бір-бірімізді түсініп, қолдап отырамыз. Үйде ата-ененің ақылы, жұмыста ортақ мақсат бар. Осындай үйлесім бізге күш береді.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Ақбаян Теміржанова