Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

Биыл ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аттың жалында жүріп армандаған еліміздің тәуелсіздігіне 32 жыл толып отыр.

Барша халқымыз үшін бұл баға жетпес құндылық бізге оңайлықпен келген жоқ.Тәуелсіздіктің негізгі бастауы «1986 жылғы желтоқсандағы жастар көтерілісі» десек артық айтқандық емес. Сол жастардың толқуының, былайша айтқанда бүкіл кеңестер одағына әсері болды.

Енді, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанымыз біраз өсіп – өркендеп, ілгері қарыштап дамып, шекарасын бекітіп, көптеген игілікті істер атқарылды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен де, әлі де болса экономикалық тұрғыдан, даму саласында кенжелеп отырғанымыз да ащы шындық. Елдегі жүргізіліп жатқан тиімді реформаларға қарағанда бұл мәселе де шешімін табады деген үміттеміз. Тәуелсіздігімізді баянды ету – әрбір қазақстандықтардың басты міндеті.

Қазір біз әлемде болып жатқан қырғи – қабақ соғыстардың сол елдерге қалай әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Тіпті, басқасын айтпағанда, Ресей мен Украинаның арасындағы жағдайдың өзі қаншама елдің экономикасына, саяси жағдайына үлкен нұқсан келтіріп, халқы үлкен күйзеліске түсіп отыр.

Қазақ халқы негізгі тұрғылықты ұлт болғаннан кейін елдегі барлық бауырлас, туысқан ұлттар өкілдерімен бірлесіп, бір болып, бірлігімізді сақтай отырып, алға қарай ілгерілеп, елімізді дамыту қай-қайсымыздың да басты міндетіміз.

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктеріміз ең алғаш өз алдымызға яғни, дербес мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Тәуелсіз мемлекет екенімізді айғақтайтын өзіндік Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранмыз бар. Бұл – елдің негізгі басты символдары. Ұлттық теңгеміз өмірге келді. «Жеке валютамыз бар», – дегеннің өзі, бұл –елдің елдігін білдіреді. Қаншама зауыттар, фабрикалар салынып, іске қосылып, қазір еліміз өз өнімін өндіруге қол жеткізіп отыр. Бұл да болса біздің тәуелсіздігіміздің арқасы.

Қазақстан әлем елдерінің ортасынан ойып тұрып орын алып, біріккен ұлттар ұйымына мүше болды. Бүкіләлемдік деңгейдегі «ЭКСПО» сияқты үлкен әлемдік көрмелер өткізілуде.

Қазақстан дінаралық саясатты назарда ұстап, бүгінде бүкіләлемдік діндердің сьезі біздің елімізде өткізілуде. Бір сөзбен айтқанда сонау «Семей полигонын» жабудан бастап, біз әлемде бейбітсүйгіш ел екенімізді дәлелдедік.

Қазақстан қарыштап алға басып келеді. Биылғы құйылған мол қаржының ықпалымен шағын шаҺарымыз Арқалығымыздың да әлеуметтік жағдайы әжептәуір жақсара түсуде. Мердігерлер талапқа сай жұмыс істесе, қаламыз одан әрі гүлдене түседі деген ойдамыз. Миллиардтаған қаржымен инвесторлардың тартылуы – Арқалық қаласының болашағының барлығын көрсетеді.

Қала жаңа жылу қазандығына көшірілді. Жолдар жөнделіп, халық сапалы ауыз сумен қамтылуда. Таяуда қала іргесінен салынып жатқан жел электр стансасының құрылысы пайдалануға берілмек. Алдағы жылдардың еншісінде өңірде жүздеген жұмыс орындарын қамтумен «Маятас кен орнын игеру» жобасы да әзір тұр.

Мемлекет қамқорлығын шалғайдағы ауыл тұрғындары да сезіне бастады. Қазір қаладағы өркениет игіліктері ауылдық мекендерге де жат емес. Биыл қаламызға қарасты ауылдарда көше электр жарықтары қалыпқа келтірілді. Айта берсе, мұндай игілікті істердің қатары көптеп саналады.

Баға жетпес асылымыз, қастерлі ортақ отанымыз Қазақстанымыздың Тәуелсіздік күні құтты болсын. Әрдайым, жастарымыздың болашағы жарқын болып, еліміз өркендеп өсе берсін.

 

Түбекбай Әубәкіров,

Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жаңалықтармен бөлісу