Отандық тауар өндірушілер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әсте ұмытқан емес. Мәселен, Федоров ауданындағы “Тұрар” ЖШС құрылғалы бергі ширек ғасырда ауылды дамытуға күш жұмсап келеді. Күні кеше серіктестік басшысы шағын ғана Камысты шаңдағы ауылына балалардың ойын алаңын сыйға тартты.
Бұл қаңтар айында аудан әкімдігі мен серіктестік арасында қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге асқан. Шаруашылық өз қаржысы есебінен 15 млн теңге бөліп, қаладағы ойын алаңдарының бір кем түспейтін қалашықты елдің игілігіне берді. Халықаралық балаларды қорғау күні орталық көше балалар мен кішкентай сәбилердің сыңғырлаған шат күлкісіне тұнды. Ана-аналардың да көңілдері көтеріңкі. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев пен облыстық мәслихаттың бір топ депутаты келді.
-“Тұрар” ЖШС өңірдің әлеуметтік саласын жаңғыртуда көптеген іске мұрындық болды. Бұғай дейін Қайрат Бақытжанұлы хоккей кордын, бассейн, ФАП салып берсе, енді міне, ауыл балаларына тамаша тарту жасап отыр. Биыл Чистый Чандак елді мекеніндегі әр үйге су кіргізіледі. Бұл мемлекет басшысының өзі басты назарда ұстап отырған мәселе. Камысты шаңдағындағы Оспанов көшесіне асфальт төселмек. Мұның бәрі ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған шара,-дейді аудан әкімі Тәуба Исабаев.
Алақандай ғана ауылда істеліп жатқан игі істерге жергілікті тұрғындар да риза. Егер мемлекет ауылға көңіл бөлмесе, әлдеқашан жойылып кетер еді дейді өздері. Жергілікті серіктестік басшысы да үнемі қарайласып отырады.
-Соның арқасында біз өзімізді қала тұрғындарындай сезінеміз. Ауылдың жолы, суы болса, жарығы күні бойы жанып тұрса, одан артық не керек? Мұндағы тұрғындардың көбі жергілікті шаруашылықта еңбек етеді. Табысы жаман емес. Сосын да шығар, ауылдан ешкім кетіп жатқан жоқ. Керісінше, көшіп келушілер бар. Серіктестік директоры халықтың жағдайын ойлаудан шаршаған емес, – дейді ауыл тұрғыны Қайынжамал Сушко.
Камысты шаңдағында 250-ден астам адам тұрады. Соның 200-і “Тұрар” ЖШС-інде жұмыс істейді. Жиырма бес жылдан бері егін егіп, мал өсіріп отырған шаруашылық бүгінде облыстағы ең озық ұжымға айналған. Серіктестік 21 мың гектарға дән сіңірсе, соның тең жартысы арпа, сұлы, жүгері, соя, бұршақ, қыша, жасымық тәрізді дәнді дақылдардың еншісінде. Өйткені, “Тұрар” ЖШС 300 жылқы, ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ3200 қара мал өсіреді. Соның 1200-і сауын сиыр. Шаруашылық басшысының айтуынша, бір сиыр күніне 28 литр сүт береді. Сүттің әр литрі 250 теңге тұрады. Мұның сыртында мемлекет бір литр сүтке 45 теңге субсидия төлейді. Бұл өте жақсы көмек. Алдағы уақытта серіктестік мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
-Елдің ең басты байлығы – оның адамы. Егер табысың елесене түссін десең, онда еңбек адамына лайықты жағдай жаса. Сонда ғана жұмысың өнеді. Ауылдың бетіне қан жүгіреді. Қазіргі жастар ауылда тұрғысы келмейді. Жұмыс жоқ дейді. Тұрмыс деңгейінің төмендігін сылтау етеді. Бізде бәрі керісінше, шаруашылықта еңбек ететіндердің дені жастар. Біз оларға лайықты жағдай жасап қойдық. жалақылары да жоғары,-дейді “Тұрар” ЖШС директоры Қайрат Оспанов.
Айтқандай, серіктестік басшысы ауыл тұрғындары үшін жиырма жаңа үй салып берді. Жай ғана үй емес, құдды бір хан сарайы дерсіз. Әр қайсысы төрт бөлмелі, кең де жарық, Іші жиһазға сықасып тұр. Ауласына жағалай төсемтас төселген. Жазғы кухнясы, гаражы, қоймасы, сарайы бар. Кейбіреуі бау-бақша өсіріп отыр. Көше жолдары тақтайдай тегіс. Түнемелік шамдары самаладай жарқырап тұр.
Жас маман Ақберген Сайпырханов 2018 жылы “Серпін” бағдарламасымен А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне оқуға түсіп, агроном мамандығын алып шықты. Былтыр оқуын тәмамдаған соң “Тұрар” ЖШС-іне агроном болып жұмысқа орналасты. Шаруашылық оған төрт бөлмелі пәтер берді.
-Мен мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Керісінше, кеудемді қуаныш кернейді. Егер еліміздегі әр шаруашылық “Тұрар” серіктестігі сияқты халыққа жәрдемдесер болса, онда ауылдың бағы жанар еді. Оқуды бітере салысымен еңбекке араласқан маған шаруашылық директоры жассың деген жоқ, төрт бөлмелі пәтерге кіргізді. Енді ата-анамды осында көшіліп әкелсем бе деп жүрмін. Күзге салым отбасын құрмақпын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, үйдің ішінде бәрі бар. Ыстық, суық суы үздіксіз беріледі. Бұл қарапайым еңбек адамына деген үлкен құрмет,-дейді Ақберген Сайпырханов.
“Тұрар” ЖШС осыдан үш-төрт жыл бұрын жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында Чистый Чандак ауылына ФАП салып берген. Оған 63 млн теңге жұмсалған. Төрт койкалық күндізгі стационар жұмыс істейді. Дәрігерлік пункт анау-мынау ауруханаңыздан кем түспейді. Ішінде жеке-жеке емдеу бөлмелері, өз дәріханасы бар. Мұнда бүгінде алты медицина маманы еңбек етеді.
-Біздің фельдершік-акушерлік пункт науқастарға алғашқы медициналық көмек, көрсетеді. Мәселен, есепте 320 адам тұрса, соның 288-іне ем-дом жасалды. мұнда маңайдағы ауылдардан келіп емделушілер де бар. 480 адам скринигтен өтті,-дейді ФАП меңгерушісі Оксана Ковкина.
Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ