26 мая, 2025
Сыйлықтың да реті бар Фото: el.kz

Сыйлықтың да реті бар

8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, әйелдер қауымына ерекше құрмет көрсетілетін күн. Бұл мереке қарсаңында мектеп оқушылары ұстаздарына сыйлық жасауға асығады. Бірі гүл сыйласа, енді бірі естелік бұйымдар тарту етеді. Дегенмен, мұндай дәстүр қаншалықты орынды?

Қостанайдағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Бекентаевтың айтуынша, мерекелердің өзіндік ерекшелігі мен мән-мағынасы бар. Сондықтан оларды бір-бірімен ажырата білген жөн.

«Бұл – халықаралық мереке, сондықтан оны ұстаздар күнімен шатыстыруға болмайды. 8 наурыз – барлық мұғалімдерге емес, нәзік жанды аруларға арналған мейрам. Мұғалімдерге алғыс білдірудің өз уақыты бар. Егер сыйлық жасау дәстүрі қалыптасса, ата-ананың келісімімен, риза көңілмен жасалған жөн. Сондықтан мен бұл үрдісті құптамаймын. Ал ұстаздарға арналған арнайы кәсіби мереке болса, ол – басқа мәселе», – дейді ол.

Қостанай қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Сәуле Мақанова да осыған ұқсас пікір білдірді. Оның айтуынша, ең алдымен, 8 наурыз мерекесінің кімдерге арналғанын түсіну қажет.

«Менің ойымша, балалар ұстаздарына, әсіресе, апайларына алғыс білдіріп, сыйлық бергені дұрыс. Бірақ ата-аналар бұл іске араласып, қымбат дүниелер ұсынбауы керек. Балалардың өз қолымен жасаған ашық хат немесе шағын, қымбат емес сыйлық, гүл, тәттілер болса әлдеқайда әсерлі әрі шынайы болады. Себебі мектепте барлық отбасының жағдайы бірдей емес. Сыйлық жасауда жарысу дұрыс емес», – дейді ол.

Гүл сату – мерекелер кезінде қарқынды жүретін кәсіп. Кәсіпкерлер бұл кезеңде сұраныстың артатынын атап өтті. Қазіргі таңда нарықтағы бағаның жоғары болуына байланысты гүл құны да қымбаттаған.

«Әсіресе, 8 наурыз қарсаңында адамдар гүл сатып алуға көп келеді. Ер адамдар әйелдеріне, аналарына, ұстаздарға жиі алып жатады. Көбінесе раушан гүлдері мен қызғалдақтар өтімді. Гүлдердің бағасы әр түрлі. Сапасы мен түріне байланысты ең арзан гүлдер 15 000 теңгеден басталады. Тіпті 50 000–100 000 теңге тұратын гүл шоқтары да бар», – дейді гүл сатушы Кристина Евгеньевна.

Сонымен қатар, наурыз айының алғашқы онкүндігінде дүкен сөрелерінде шоколад өнімдерінің бағасы да едәуір өскені байқалады. Қазірдің өзінде қарапайым шоколад өнімдері 2000 теңгеден басталса, мереке кезінде бұл баға бірнеше есеге шарықтайды.

Оқушылардың ұстаздарына сыйлық жасауы – әдеп пен ризашылықтың белгісі. Бірақ бұл жерде шынайылық пен қарапайымдылық маңызды. Қымбат сыйлықтар міндетті емес. Себебі ұстаздар үшін ең құнды нәрсе – оқушылардың жақсы нәтижесі мен шынайы алғысы.

            Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

ҚӨУ журналистика мамандығының

3-курс студенттері