Қостанай қаласының солтүстік батыс аумағын су басып жатқаны туралы бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Бүгін сол ауданның тұрғындары қала әкімдігіне тағы да шағыммен жүгінді.
Ол жердегі Спортивный, Мирный көшерелінде былтыр төселген жол дұрыс салынбаған. Бүгінде жол жиегіндегі суағарлары бітеліп, салдарынан қыстан қалған қар суы жайылып жатыр.
Александр Кожевников осы ауданда жиырма жылдан артық тұрады. Техникасы бар жеке адамдарды жалдап, айналасының суын сорғызған, алайда келесі күні үй маңы шүмпілдеп тағы қарғын суға толып тұратынын айтады.
«Судың кететін жері жоқ. Міне, мына жерлерде тағы су жиналып тұр. Содан жолды жырып, үйлерге барып жатыр», – дейді ол.
Қадыр Елеусізұлының тұрағы одан әріректегі Мирный көшесінде орналасқан. Ол тұратын жердің жолы ойылып, бүгінде опырылып ортасына түсіп кеткен.
«Бәрі осы көктемгі судың әлегі. Басты талабымыз – суағарымызды істеп берсе дейміз. Бізге жыл сайын уәде береді. Қазір барлығы бітеліп тұр. Қала әкіміне де айтылды. Осы жол салынғаннан бері бір-екі рет қарасын көрсетіп, шағымымызды тыңдаған. Әлі күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ . Қайда шағымданарымызды білмейміз», – дейді Қадыр ақсақал.
Солнечный көшесінің тұрғыны Ғалымжан Бимолдиннің іргесін су жайлағалы үш тәулік өтіпті.
«Бізге су арғы көшеден келіп жатыр. Түні бойы тысқа ағызумен болдық. Арасында техникалар екі рет келіп кетті. Болмағасын шелекпен тасып жатырмыз», – дейді отағасы.
Ғалымжан мен Динаның төрт баласы бар. Екі жыл қыстағанда мұндай жағдай болмағанын айтып отыр.
Спортивный көшесіндегі Зико Ерғалиеваның ауласының сыртынан айналып кіру мүмкін емес.
Еденінің астын жайлаған дымқылдан тақтайлары өздігінен ыдырай бастаған.
Тұрғындардың өтінішін тыңдауға қала әкімінің баспасөз хатшысы Аида Бажирова келді.
«Уайымдамаңыздар, арнайы машиналардың көбі осы жақта жүр. Күте тұрсаңыздар, міндетті түрде келеді. Қала әкімінің арнаулы штабы құрылған болатын. Барлық жағдай әкімнің бақылауында тұр. Арнаулы штабтың мамандары сағат сайын хабардар етіп жатыр. Дәл қазір қала көлемінде жүзден астам техника жұмыс істеп жатыр. Өтініштеріңіз жедел ескеріліп, тазарту жұмыстары шұғыл жүрзіледі», – деді Аида Бажирова.
Айбек ЖҮЗБАЙ