Бүгін, 4 сәуірде қардың күрт еруі және Қарасу ауданындағы Тімтуір өзенінің кемерінен асуы салдарынан Қарамырза ауылына қауіп төнді. 12 тұрғын үй қатер аймағында қалды.
Набережный көшесіндегі тұрғын үйлерде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 15 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды. Жапа шегушілердің өз қалаулары бойынша туыстарына орналастырылған. Ірі және ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 552 адам тұратын ауылдың тұрғындарына су тасқыны қаупі туралы алдын ала хабарланған.“Ауыл әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің басшылығымен жедел штаб ашылды. Департамент қызметкерлері қажет болған жағдайда халыққа, оның ішінде психологиялық көмек көрсету үшін аулаларды аралау шараларын ұйымдастырды. ТЖ департаментінде жедел желі телефоны ашылды– 8 714 2 50 36 24”,- делінеді ТЖД хабарламасында.
Жергілікті жерде ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және полицияның күштері мен құралдары жұмыс істеуде. Олардың құрамында 36 адам және 13 бірлік техника, 3 жүзу құралы, 14 бірлік мотопомпалар, 1 дрон бар.
Қазіргі уақытта жағдай бақылауда ұсталып отыр.