Көктемгі су тасқыны облыстағы көптеген елді мекен тұрғындарын әуре-сарсаңға салып қойды. Мәселен, Құсмұрын-Новопавлов ауылдарын жалғап жатқан жол жүруге келмейді. Амалдары таусылған жергілікті тұрғындар күре жолдағы жағдайды таспаға тартып, біздің редакциямызға жолдапты.
Айтпақшы, бұл жол ауылдарды аудан орталығымен байланыстырып тұрған негізгі қатынас құралы. Сондықтан, тұрғындардың алаңдайтын жөні бар. Су тасқынавн бері арада талау уақыт өткенмен мәселе әлі шешімін таппаған.
“Сәуір айында бұзылған жол әлі қалпына келтірілген жоқ. Қазіргі таңда айналма жол да жауын-шашынның әсерінен бүлініп, қолданысқа жарамсыз күйге түскен. Сол себепті тұрғындар аудан орталығына қатынай алмай отыр”, – дейді шағым айтушылар.
Айта кетейік, негізі Новопавловка ауылы Қарасу ауданына қарағанмен, екі аралықтағы жолға Әулиекөл ауданы жауапты. Сондықтан, біз аты аталған ауданның басшыларына сауал жолдадық.
“Әулиекөл аудандық маңызы бар «Новопавловка ауылына кіреберіс 0-18 шақырым» автожолын жөндеу мақсатында 22.08.2024 жылы «AST Building KZ» ЖШС-мен 85 200 981,60 теңге сомасына №64- шарт жасалды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Аталған күре жолдың кіреберістегі 3,1 шақырымындағы су өткізу құрылысын орташа жөндеу үшін 09.09.2024 жылы «СК АПРИОТ» ЖШС-мен 57 769 645,92 теңге сомасына №65 шарт жасалды. Ол жерде бетон негізі мен қадасы құйылған. Үйінді жасалды. Қарағанды облысынан темір-бетон бұйымдары жеткізіліп, бетон сақиналарын монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шарт бойынша мердігер компания 8 желтоқсанға дейін барлық жұмысты аяқтауы қажет. Құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 10 күн ішінде бітеді”, – дейді Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Дидар Тілеубаев.
Әлібек ЫБЫРАЙ